
Табиғат –ана жасаратын мереке – биылғы Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз Мемлекет басшысының қазақ еліне жаңа серпін берген жігерлі Жолдауымен қатар келіп жатыр. «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын Жолдауда Президент «Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс» деген болатын. Ұлттық салтымызды паш ететін құндылықтардың бірі – Наурыз мерекесін Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ге қарасты ЛА-155/18 мекемесіндегі шаруашылық қызметіндегі сотталғандар да зор қуанышпен атап өтті.
Мекеме клубында шалқыған әуенмен басталған Наурыз мейрамының қуанышы барлық сотталғандардың жүзінен ерекше білініп тұрды. Мерекелік кешті сотталғандардың өздері жүргізіп, өздері өнер көрсетті.
Салтанатты Наурыз мерекесіне жиналғандарды құттықтаған мекеме бастығының орынбасары әділет майоры Р.Ахметжанов пен Тәрбие бөлімінің инспекторы әділет аға лейтенанты М.Жанырбаеваның сотталғандарға деген бірінші тілегі – олардың келесі жылғы Наурыз мейрамын жақындарының ортасында қарсы алулары болды. Тағдырдың түрлі сынағынан өтіп жүрген сотталғандар үшін еркіндіктен асқан бақыт жоғын құттықтау сөзімен жеткізген мекеме басшылығы оларға жарқын болашақ тіледі.
Мерекелік салтанаттың сәнін сотталғандар салған «Қазақтай ел қайда?», «Азизяр», «Ел аман» әндері асқақтата түсті. Сондай-ақ сотталғандар поэзия патшасы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыды.
Наурыз мейрамының тағы бір ерекшелігі – сотталғандардың 1974 жылы венгерлік скульптор және архитектор Эрне Рубик ойлап тапқан «Кубик-рубик» ойынынан жарысқа түсуі. Санаулы минуттарда бір түсті бір бағанға жинап шығуда шеберлік танытқан сотталғандар арнайы жүлделерге ие болды.