Сотталған адамның бас бостандығынан айыру орнындағы ең жақын жанашыры – жасақ бастығы. Жазалы адамдардың қоғамға қайтадан қалыпты азамат болып оралуына ең көп еңбек сіңіретін де жасақ бастығы. Жасақ бастығы өзінің қарамағындағы әрбір сотталған адамның мінез-құлқын, өмір сүру дағдысын, жақсы қасиеттерін немесе жаман әдеттерін жақсы біледі. Ол әр адамның түрмедегі тағдырына да жауапты. Осындай жауапты жұмыстың жүгін арқалап жүрген жасақ бастықтарының арасында жыл сайын «Үздік жасақ бастығы» деген конкурс ұйымдастырылып тұрады. Негізінде бұл конкурстың мақсаты – жасақ бастығының сотталғандар арасындағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, олармен тәрбие жұмысының сапасын арттыру жолындағы кәсіби шеберлігін шыңдау.
Әрбір туры 3 кезеңнен тұратын биылғы конкурста жасақ бастықтары жасақтағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудан, сабақ өткізуден, жасақ бастығының жұмыс бөлмесін, тәрбие жұмысына арналған бөлмені, сотталғандардың жатын бөлмелерін безендірудің жаңа әдістері туралы түсірілген бейнероликтерін сынға салды. Сондай-ақ конкурсқа қатысушылар медициналық және кәсіби даярлықтары бойынша да жарысқа түсті. Конкурстың соңғы турында жасақ бастықтары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй тартты, тебірене өлең оқыды.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған ЛА-155/6 мекемесінің жасақ бастығы әділет капитаны Бекзат Жақанов алдағы уақытта конкурстың Қостанай қаласында өтетін үшінші кезеңіне қатысып, бақ сынайтын болады.