Тұрақты бұзушы

Тұрақты бұзушы

Қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ететін пробация қызметінің есебінде тұратындардың міндеттері арнайы заңмен айқындалған. Мысалы өзіне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адамның міндеттерінің бірі – тіркелу және өзімен профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін белгіленген күндері пробация қызметіне келіп тұру және тұрғылықты жерінің, жұмыс немесе оқу орнының өзгергені туралы пробация қызметін жазбаша хабардар ету.

Алайда өзіне заң жүзінде жүктелген осындай міндеттерді орындау тәртібін бұзатындар да жиі кездеседі. Солардың бірі – Алматы қаласы Бостандық ауданының пробация қызметінің есебінде тұратын А. есімді азамат. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған А. пробация мамандары жасаған тіркеу кестесіне сәйкес айына екі рет пробация қызметі бөліміне тіркеуге және онымен профилактикалық сұхбат жүргізуге келуге міндетті болатын.

Бұл талапты орындамаған оған пробация қызметкерлері бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы жазбаша ескерту жасады. Өкінішке қарай сотталушы жазбаша ескертуден ешқандай қорытынды шығарған жоқ. Сонымен қатар ол пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерін де өзгертті. Жуырда Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты сотталған А-ның ҚР Қылмыстық-атқару кодексі 67-бабының 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.