Сын сағатта ардагерлер де сапқа тұрды

Сын сағатта ардагерлер де сапқа тұрды

Қаңтар айының басында Алматы қаласы аса ауыр күндерді бастан өткерді. Қиын кезеңде Алматы қаласындағы күш құрылымдарының қайраты сынға түсті десе де болады. 

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы да оқиға басталған сәттен бастап күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, барлық сақтық шараларын қолға алды. Қызметкерлер тәулік бойы сапта болып, ықтимал қауіптердің алдын алуға кірісті. Осындай сын сағатта Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ардагерлері де әріптестерінің ортасынан табыла білді. 

Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы әділет полковнигі Ерғали Төлендіұлы Сағалбаевтың ұйымдастыруымен ардагерлер  ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемесінің (тергеу изоляторы) жеке құрамына моральдық қолдау көрсетіп, қауіпсіздік шараларының сақталуына ат салысты. Сонымен қатар ардагерлер мекеме қызметкерлеріне тамақ жеткізіп, ақсақалдардың береке бастауы бола алатын қасиеттерін көрсетті. 

«Бүкіл елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде біз қол қусырып отыра алмадық. Біздің міндетіміз – өзімізден кейінгі жас мамандардың Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, рухтарын көтеру. Сол тұрғыда қиын кезеңде әріптестеріміздің жанында болуды ұйғардық»-дейді ұзақ жылдар мекеме бастығы болған зейнеткер Михайл Васильевич Лырчиков.