ҚАЖ мекемелерінде ерекше жағдайлар режимі енгізілді

ҚАЖ мекемелерінде ерекше жағдайлар режимі енгізілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай енгізу туралы жарлығының және ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 101-бабының, сондай-ақ «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы» ҚР заңының 46-бабының негізінде еліміздің қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде осы жылдың 9 қаңтарына дейін  ерекше жағдай режимі енгізілді.

Осыған байланысты аталған режим кезінде елімізде қалыптасқан жағдайды ескере отырып ҚАЖ мекемелерінің ішкі күн тәртібіне де уақытша өзгеріс енгізілді.

Мекемелерде ұсталатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында сотталғандардың, сондай-ақ тергеу-қамауындағылардың ҚАК-нің 105-113-баптарында көзделген құқықтарын жүзеге асыру үшін уақытша шектеу іс-шаралары қабылдануда.

Осыған орай азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті заттарды алуда, сондай-ақ сотталғандарға сәлемдемелерді жеткізуде уақытша қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл ретте сәлемдемелерді заңнамада белгіленген тәртіппен жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз.

Кездесулер мен телефон арқылы сөйлесудің барлық түрлері, соның ішінде бейнебайланыс та шектелді.

Террорлық актілер қаупі төнген жағдайда колония аумағында да, тергеу изоляторларында да серуендеу тоқтатылды.

Мекеменің сыртына шығу да тоқтатылды. Сондай-ақ, ҚР ҚАК-нің 143-бабының 9-бөлігіне сәйкес, қауіпсіздігі ең аз мекемелерде жазасын өтеп жатқандар өздері жұмыс істейтін ұйымдардан кері шақыртылып алынды.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандар мен тергеу-қамауындағыларға арналған мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды.

Қалыптасқан жағдайға қарамастан, біз өз тарапымыздан қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі азаматтарды қамтамасыз ету нормаларына сәйкес азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолға аламыз.

Барлық шектеу шаралары аяқталғанша сабырлы болуларыңызды және жағдайға түсіністікпен қарап, жалған ақпарат таратпауды және ресми ақпараттарға ғана сенуді сұраймыз.

Мекемелерге ерекше режимнің енгізілуіне байланысты берілуге тиіс кездесулер сақталып, жағдай тұрақталған кезде беріледі.

Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде барлық коммуникация тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Колонияларға коронавирустық инфекцияның енуіне жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.