Балалар колониясына Аяз ата мен Ақшақар келді

Балалар колониясына Аяз ата мен Ақшақар келді

Алматы қаласындағы балалар колониясында жыл сайын Жаңа жылды ән-күймен, көтеріңкі көңілмен қарсы алу дәстүрге айналған. ЛА-155/6 түзеу мекемесінде жазаларын өтеп жүрген жасөспірімдерге Жаңа жыл қарсаңында Қамқоршылар кеңесінің, «Реванш» және «Әлеуметтік жобалардың халықаралық ассоциациясының» қоғамдық қорының өкілдері келіп, балаларға естен кетпес қуаныш сыйлады. 

Жазалы жасөспірімдерді ерекше шаттыққа бөлеген Аяз ата мен Ақшақардың «Мерекелік микс» концерттік шоу бағдарламасы болды.

Аяз ата мен Ақшақардың ортасында түрлі ойындар ойнап, өз өнерлерін де ортаға салған жасөспірімдерге Қамқоршылар кеңесі мен «Реванш» қоғамдық қоры жаңажылдық сыйлықтар тапсырды. Балаларды қуанышқа бөлеу қызығынан «Әлеуметтік жобалардың халықаралық ассоциациясының» өкілі Масаты Қасымжанова да сырт қалған жоқ. Әр мереке сайын келіп, сый-сияпат жасайтын дәстүрін бұл жолы да жалғастырған Масаты Қасымжанова тәтті бәлішке толы мерекелік дастархан жайып, сыйлыққа әдеби кітаптар тарту етті.

Бір сөзбен айтқанда шырша мерекесінің мақсаты тек ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алу емес, сотталған жасөспірімдердің жарқын болашаққа деген сенімін шыңдау болды десек артық айтпаспыз.