Бізге халық сенімі маңызды

Бізге халық сенімі маңызды

–Әсет Серікұлы, соңғы кездері құқықтық салада жазаны ізгілендіру мәселесі көп айтылуда. Елбасы Н.Назарбаев та, Президент Қ.Тоқаев та  бұл тақырыпқа жиі оралып, құқықтық сала өкілдеріне арнайы нұсқаулар беріп жүр. Сіз басқаратын мекемеде бұл процесс қалай жүзеге асып жатыр?

–Жазаны ізгілендіруге қатысты елде көптеген қомақты шаруалар атқарылып жатыр. Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданғалы бері елдегі құқықтық сала түбегейлі оңды өзгерістерге бет бұрды деуге болады. Көптеген заңнамалар жетілдіріліп, өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа заманға лайықталған, әлемнің құқықтық реформа талаптарына  сай, ізгілендіру принциптеріне негізделген  Конституциялық, Әкімшілік, Азаматтық, Банктік, Салық, Қаржы, Кеден, Эколо­гиялық, Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқарушылық заңнамалар айтарлықтай жаңарды. Құқықтық саладағы мұндай ізденістер– ұлттық заңнаманы түбегейлі реформалау, оны озық әлемдік стандарттарға жақындату мақсатынан туды. Осыған сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексіндегі кей баптар ҚР Әкімшілік кодексіне ауыстырылды. Медиациялық әдісті қолдану аясы кеңіді. Жалпы алғанда, ізгілендіру процессінің тергеу изоляторларына тікелей қатысы болмаса да, құқықтық жүйедегі мұндай өзгерістердің әсері бәрібір сезіледі. Ізгілендіру негізінен тергеу изоляторынан гөрі түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерге тікелей қатысты. Бізде көбіне сотқа дейінгі қамақтағылар отырады. Ал, жазасын өтеуге қалатындар көбіне ҚР Қылмыстық кодексінің 92-бабына сәйкес  бұрын соттылығы болмаған, жағымды мінездемеге ие азаматтар. Олар негізінен сантехник, плотник секілді мамандықтар негізінде шаруашылық жұмыстарын атқарады.  Ізгілендіру талаптарына барлық жағынан сәйкес келіп тұрса онда олар міндетті түрде сол санатқа енгізіледі.

 Сондай ақ, соңғы кездері пандемиялық жағдайға сәйкес, бізде бейнекездесулер ұйымдастырылып жүр. Бұл шара әсіресе, облыстар да, шалғай өңірлерде тұратындар үшін өте оңтайлы шешім болды. Олар қазір алыста отырса да біздегі баласы, жолдасы, бауыры, жарымен видеобайланыс арқылы тілдесе алады. Арнайы контингентті қадағалау мен бақылауды ұйымдастырудан басқа, мекеменің тыныс-тіршілігі серуендеу, жуыну, тінту іс-шаралары, камераларды техникалық тексеру, сәлем-сауқат қабылдау, қысқа және ұзақ мерзімді кездесулер өткізу, адвокаттармен және қорғаушылармен, сондай-ақ сотқа дейінгі қудалау органдарының қызметкерлерімен кездесу үшін арнайы контингентті шығару сияқты режимдік іс-шараларды құрайды.

Сонымен қатар, ұсақ және аса ауыр қылмыстарды ашу бойынша өзге де құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде.

 

–Алматы Республикадағы үлкен мегополистердің бірі есебінде. Осы үлкен қалада әртүрлі қылмыстардың орын алып жататыны белгілі. Жалпы, сіздерге қандай қылмыстар бойынша азаматтар көп түседі? Алматыда ең көп жасалатын қылмыстардың түрлері қандай?

– Мемлекеттің құқық қорғау органдарына әу бастан  жүктеген негізгі міндеті адамның, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Конституция бойынша барлығымыздың еркін өмір сүруімізге кепілдік берілген. Сол себепті біздің қоғамда ешкімді себепсізден себепсіз айыптап, қамамайды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тек нақты дәлелі бар күдіктіні ұстап, тергеуге жабады. Сот оның қылмысы дәлелденіп тұрса, әрине заң талаптарына сай жаза кеседі. Алайда, елде ізгілендіру процесі қарқынды жүріп жатса да, қылмыстардың азаймай отырғаны өкінішті.

ЛА-155/18 мекемесінде арнайы контингенттің саны 1400 орынды құрайды. Сот қаулысы бойынша қылмыс жасаған күдіктілер мен айыпталушыларды күзетпен ұстауға арналған Республикадағы ең үлкен арнайы мекеме  (тергеу изоляторы) болып табылады.

Қазіргі уақытта мекемеде ұсталатын адамдардың саны шамамен 1300 адамды құрайды. Мекеме 21 қалалық және 9 облыстық сот және сотқа дейінгі тергеу органдарына қызмет көрсетеді. Статистика бойынша жыл бойы шамамен 10 000 адам өтеді.

         Олардың санаттары да, түрлері де әртүрлі. Соңғы кездері алаяқтық бабы бойынша түсіп жатқандар көп. Әртүрлі қаржылық пирамидалар арқылы елді алдап ақшасын алып кететіндер жетерлік. Ұрлық, тонау, адам өлтіру, зорлау, есірткі заттарын тарату, «салушылар»  тағы да басқа қылмыстардың бәрі бар. Ең өкініштісі, осы есірткі тарату ісіне жастардың, студенттердің көп ұрынуы. Жастарды осы  көлеңкелі бизнеске тартушылар азаймай тұр. Жақында сіздердің «Тенгриньюста» істейтін бір әріптестеріңіз сондай бір адамнан сұхбат алып кетті. Бұлардың көбі шалғай өңірлерден білім іздеп келген жастар. Өз бетінше табыс тапқысы келеді, тез байып кеткісі, қыдырғысы келеді, жаңа смартфон ұстасам дейді. Содан телеграммнан әртүрлі жарнамалар арқылы  «жұмыс берушілермен» байланысады. Олар оған «тауарды» қайдан алып, қайда апарып қою керегін айтады. Бұл апарған жерін суретке түсіріп оларға жібереді, олар сондай бір нүкте үшін бұларға 1000 теңге төлейді дегендей. Әр жерде жапсырылатын жарнамалардың 90 пайызы осындай көлеңкелі бизнестер. Есірткіге қарсы күрес департаменттері, полициямен бірігіп қазіргі таңда бұларды құрықтап та жатыр.

Әйелдер арасында алаяқтық істері бойынша ұсталғандар көп. Біреулері қылмысқа ауыр тұрмыс тауқыметінен барғандарын айтса, енді біреулері үшін бұл «өмір сүру дағдысына» айналған. Бізге сондай-ақ кәмелетке толмағандар да келеді. Олар өте ауыр қылмыстар (зорлау, адам өлтіру) бойынша түседі .

 

–ЛА155/18 тергеу изоляторындағы тәрбиелік, режимдік жұмыстар жайлы айтсаңыз.  Жалпы, кадр мәселесінде тапшылық жоқ па?

 

– Бізде бірнеше бөлім бар. Олар тәрбие жұмыстарымен, режим және күзет мәселесімен жұмыс істейді. Тәрбие жұмыстарымен айналысатын бөлім жазасын өтеушілермен бірнеше бағытта жұмыс істейді. Спорттық, концерттік іс-шаралар ұйымдастырады, мерекелерге дайындалады. Мұнда әрбір азаматқа арналған күнделік болады. Онда сол азаматқа қатысты бүкіл жұмыстар жазылады, оны барлық бөлімдегі  қызметкерлер жазады.

  • Жазасын өтеушінің түзелу жолы қалай жүзеге асып жатыр?
  • Оның үш жағымды әрекеті, үш жағымсыз кері әрекеті жазылып, сол бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мінездеме беріледі.
  • Олардың тәртіптік режимі қалай орындалады?
  • Бәрі жаңа айтылған дәптерде жазылады. Мамандар осы бағытта ізденеді, адамды зерттейді. Режим және күзет бөлімінің де, жедел бөлімнің де өздеріне бөлінген қызметтік функциясы бар. Аздаған кадр жетіспеушілік бар, бірақ біз қолда бар кадрлармен жалпы жүйе жұмысын тыңғылықты атқаруға күш салып жатырмыз.

Карантиндік шараларды күшейту және COVID-19 коронавирустық инфекциясының арнайы контингентін жұқтыруға жол бермеу мақсатында мекемеден тыс жерлерге шығу тоқтатылды. Осыған байланысты қызметкерлерге күн сайын арнайы контингенттен шамамен 250 адам қатысатын онлайн сот бейне процестерін ұйымдастыру бойынша қосымша жүктемелер жүктелді.

Бұдан бөлек режим және күзет бөлімі ішкі тәртіптің бұзылмауын қадағалайды. Мәселен, тамақ блогына бөлінген жазасын өтеуші сол блоктан шығып кетпеу керек. Сегіз сағаттық жұмыс уақытын толық атқаруға тиіс. Оларға бұл жұмыстары үшін 60 мыңға жуық айлық жалақы төленеді.

–Олар ол айлықтарын қайда, қалай жұмсайды?

–Оны өздері шешеді. Кейбірі айыппұлдарын, алименттерін жапса, енді бірі жинайды, туыстарына жібереді, не болмаса осындағы дүкендерден өзіне керек  заттарын алады.

–Изоляторда ондай мүмкіндік бар ма? Дүкендердің жұмыс істеу тәртібі қалай?

–Жазаны ізгілендірудің, цифрлық технологияның кейінгі игіліктерінің бірі осы интернет дүкендер. Бізде сырттан жұмыс жасайтын үш интернет дүкен болса, іште бір интернет дүкен бар. Бұл саладағы бәселестік ортаны қалыптастыру үшін іштен екінші дүкен ашылғалы жатыр. Бұл интернет дүкен арқылы олар қалай сауда жасай алады деген сауалға тоқталатын болсақ, оның жолдары мен реті мынадай. Сотталғандар мен айыпталушылар терминал арқылы туысының телефон номерін жазады. Сол арқылы оның туысына смс хабарлама келеді. «Сіздің балаңыз сізден осындай мөлшерде қаражат сұрап отыр» деп. Егер сіз оған сұраған бес мың, он мың теңгесін аударсаңыз, фирма ол балаға сусын, нәски, темекі, турси, дәретхана қағазы секілді керегін жеткізіп береді. Біз ол дүкендердің шектен тыс қымбат болмауын қадағалаймыз. Оларда  белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істейді.

–Сәлем-сауқат қабылдау реті сіздерде қалай жүзеге асып жатыр?

–Президенттің «Еститін үкімет» принципіне сәйкес, министр  халыққа жақындау керектігін, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуіміз қажеттігін тапсырды. Біз үшін қай кезде де халық сенімі маңызды. Қазіргі таңда  бізде осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің мекемеге күніне 200-300-ге жуық адам сәлем-сауқат әкеледі. Бұрын оларды қабылдау уақыты таңғы 9-дан түскі 13.00-ке дейін болатын. Соңғы кездері біз елдегі пандемиялық ахуалға байланысты адамдар шоғырын азайту, кезекті сирету мақсатында бұл кестені өзгерттік. Қазір сәлем сауқат таңғы 9-дан кешкі 18.00-гедейін  қабылданады. Бұл бір жағынан көпшілікке жақсы болса, өз қызметкерлерімізге біраз қиындықтар туғызды. Себебі олар бұрын түске дейін сәлем-сауқат қабылдаса, түстен кейін оны таратумен айналысатын. Қазір енді олар кешкі алтыға дейін қабылдайды. Алтыда алған сәлемдемелерін сегіз, тоғызға дейін таратады. Екі топ біргіп бірі алмастырып түскі үзіліссіз істейді. Мұның бәрі халыққа жеңіл болу жағын қарастырғаннан қабылданған шешімдер. Біздің мекеме қаланың шетінде орналасқан. Орталықтағы немесе қаланың басқа бағытында тұратындар үшін бұл жерге жету қиын. Сол себепті де біз қызметкерлердің аздығына қарамастан өз қызметімізді адал атқарып жатырмыз.

  • Сотталғандар мен айыптаушылардың туыстарынан бұл мәселеге қатысты қандай арыз шағымдар түседі?
  • Осыдан біраз бұрын мынадай жағдай болды. Мен осы сәлем-сауқат бөлімінен бір кісіні жиі байқап жүргенмін. Өтіп бара жатсам, әлгі азамат тұр екен. Сөйлесіп қалдық. «Байқаймын, сіз сәлем-сауқатты өте жиі әкелесіз. Неге?»-дедім. Ол кісі бірден: «Мұнда  өте нашар тамақтандырады екен ғой»-деді бірден. «Кім айтты?». «Ұлым айтты». «Жарайды, сіз сәлем сауқатыңызды өткізген соң менің кабинетіме келіңізші»-дедім. Рас, мұнда біреудің баласы, біреудің жары, жолдасы, әкесі жатыр. Ол адамда осы жақындары қатаң қыспақта, аш жатқандай көрінетіні белгілі.  Бірақ бұл қорқыныштар негізсіз. Өйткені бізде мемлекет тарапынан бекітілген тамақтандыру нормалары бар. Онда әр адамға қанша мөлшер берілуге тиіс, оның құнарлығы қанша көлемде болуы керек, бәрі бәрі көрсетілген. Оны мен өзім, менің орынбасарларым күнделікті қатаң қадағалап тексеріп отырады. Медицина қызметкерлері санитарлық нормаларын күнделікті тексереді, тағамдар бекітілген мәзірлер бойынша дайындалады.

Сәлем-сауқатын беріп болған соң әлгі азамат менің кабинетіме келді. Кабинетке сол блоктың меңгерушісін шақырып бүгінгі дайындалған түскі астың бәрінен әкелуін өтіндім. Тура түскі астың уақыты болатын. Олар біріншіге борщ, екіншіге етпен күріш, кампот, тұздалған қияр ма қызанақ па әкелді. Осында стол жайдым да, жаңағы кісіге ас ұсындым. Ол кісі тамақтың бәрінен ауыз тиіп көрді де, «тіпті не дерімді білмей тұрмын»- деді. Мен ол кісіге: «Рас, бұл жердің тамағы ұлыңызға анасының әзірлеген асындай болмас, бірақ бәрі дайындалған мәзір негізінде беріледі. Өзіңіз көріп тұрсыз, мен бұл асты сізбен кездескен 20 минуттың ішінде әзірлетіп жіберген жоқпын, оған үлгермес те едім. Бұның бәрі таңертеңнен бері дайындалып жатқан тағамдар.  Бұл жерде бір кемшілік болуы мүмкін, ол тұздың татымында ғана. Әйтпесе, мұндағылардың күнделікті ас мәзірі осындай. Жұрттың көзінше негізсіз айып тақпас бұрын мұндағы режимнің ретімен таныссаңыз екен»-дедім. Ол кісі сол арада кешірім сұрап, өзіне қорытынды жасап кетті. Кейде айыпталушылар да тамаққа емес, өзінің осындай күйге түскеніне қатысты өкпе, реніш, ашу ыза, психологиялық ауыр ахуал болуы мүмкін. Олар сондай наразылығын осындай көріністермен  шығаруы мүмкін. Бұл бір ғана тірі мысал. Бізде үйден әкелінетін тағамдарға тыйым жоқ. Сотталғандар мен айыпталушылардың туыстарын да түсінуге тырысамыз. Кейбір кісілер кездестірмедіңдер деп ренжиді, біз оларға кездесудің ретін айтамыз, түсіндіреміз, тергеушісінің байланысын тауып беріп жолын нұсқаймыз. Кейде  мен өзім аналарына тіпті адресін сызып беріп, түсіндіріп жіберіп жатамын.

–Сотталғандар мен айыпталушылармен қарым-қатынаста қандай қиындықтар бар?

–Көп жағдайда адам өзін жазықсыз отырмын немесе тергеу процессі әділетсіз жүргізіліп жатыр деп ойлайды. Сөйте тұра олар өз наразылықтарын әртүрлі инстанцияларға жазуды жөн санамайды. Оның орнына өз қарсылықтарын денелеріне әртүрлі жарақаттар салу арқылы немесе аштық жариялау арқылы көрсеткісі келеді. Бұдан бөлек, камераға ешкім кірмесін, бізді тексермесін, тыйым салынған заттарды кіргізуіміз керек деп есептейтіндер бар. Қалай десек те, тәртіп ортақ. Бұл жерде ондай заңсыздықтарға жол берілмейді, жоспарлы тексеру тінту жұмыстары жүргізіліп тұрады.

–Мекемеде медицина қызметкерлері жеткілікті ме? Дәрі дәрмек мәселесінде проблемалар бар ма? Санитарлық бөлімдеріңіз дәрі дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген бе?

-Иә, бізде дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Бәрі жеткілікті. Бұл салаға арнайы қаржы бөлінген. Енді жеке мамандар (узкие специалисты) тарапынан сирек жағдайларда қымбат дәрілер жазылатын кездер болады. Сондай кездерде ғана туыстары арқылы алдыруға рұқсат береміз. Дәрігер мамандардың саны жағынан аздап жетіспеушілік бар. Өйткені көп дәрігерлер мұндай психологиялық ауырлығы бар мекемеге батыл түрде келе бермейді. Дегенмен, біздегі мамандар өз ісінің шеберлері.

Пандемияға байланысты бізде вакцинация мәселесі 92 процент орындалды десек те болады. Сотталушылар мен айыптаушылардың да өз таңдауымен оларға вакцина салынды, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кей айыпталушылардың арасында вакцина салдырып келетіндері де болады.  Ал, қызметкерлердің арасындағы бірді екілі аяғы ауыр азаматшалардан басқалары тегіс алды.

2022  жылдың шілде айынан бастап тергеу изоляторларындағы медициналық қызмет толықтай Денсаулық сақтау министрлігіне өтеді. Ол кездегі жағдайдың қандай болатыны енді уақыт еншісінде.

–Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз сәтті болсын.

Сұхбаттасқан Ж.Құдайберген

Құрық

«Бауырмал» жігіт ұсталды (сурет бар)

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемесінде тергеу тұтқынындағы бауырына темекінің арасына жасырып, апиынтектес таблеткалар өткізбекші болған жігіт ұсталды.

Мұндай нашақорлар арасында сұранысқа ие таблетканы түрмедегі бауырына тасымалдаушы Мәлік деген жігіт болып шықты. Мәліктің інісі осы жылдың қазан айында Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін тұтқындалған болатын. «Әдетте тергеу изоляторындағы туған-туыстары мен жақындарына тыйым салынған заттарды тасымалдаушылар түрлі әдісті қолданады. Етіктің ұлтанына тығып әкеледі, нанның арасына салады, конфеттің немесе шәйдің қорабына  жасырады. Алайда, бақылаушылардың жіті тексеруі арқасында тыйым салынған заттар тұтқындарға жетпейтіні белгілі. Осы жолы да «LD” темекісінің арасына мұқият жасырған таблеткалар бақылаушылар назарынан тыс қалмады» -деп хабарлайды ҚАЖД баспасөз қызметі.

Түрмедегі інісіне деген «бауырмашылдығын» есірткі заттарын тасымалдаумен білдірген жігіттің өзі де енді жазадан тыс қалмайтын болды