Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – Отанымыздың мызғымас беріктігі мен тұтастығын дәлелдейтін, аңсап жеткен азаттығымызды әлемге паш ететін қасиетті күн! Еліміздегі ең жарқын мереке қарсаңында Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде салтанатты жиын өткізілді.
Салтанатты жиында, баяндама жасаған ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Д. Қанатбеков еліміздің тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталып, жиналғандарды егеменді елдің жарқын болашағына сендірді.
«Бүгінгі Тәуелсіздіктің тарихында бізге ұлан-ғайыр жер қалдырған бабалар өмірінің тарихы жатыр, алашапқын күрес пен айқасқа толы заманда елі мен жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған аталарымыздың аманаты жатыр. Сол аманатқа адалдық танытып, тәуелсіз еліміздің дамыған елдер қатарынан орын алуына ат салысу біздің әрқайсымыздың парызымыз.
Бүгінгі еліміздің ең ұлық мерекесі –Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!» -деді құттықтау сөзінде Д. Қанатбеков.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті
Қ. Тоқаевтың Жарлығымен елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына белсене үлес қосқаны үшін Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Д. Қанатбеков, департамент бастығының орынбасарлары әділет полковнигі Х. Имажанов пен әділет полковнигі Е. Ұзақов, ЛА-155/6 мекемесі бастығының орынбасары әділет майоры Г. Нұржанова «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша ҚАЖД Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының бас маман-дәрігері А. Мәди және ЛА-155/6 мекемесі медициналық бөлімінің фельдшері Т. Низамова «Халық алғысы» медалімен марапатталған болатын.
Салтанатты жиналыста Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен ҚАЖД Алатау аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Л.Әлімбековаға штаттық лауазымында көзделген атақтан бір саты жоғары әділет капитаны атағы берілсе, ЛА-155/18 мекемесінің жүргізуші-қызметкері әділет прапорщигі Е.Жүністаевқа «Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылды. ҚАЖД Күзет бөлімі бастығының кезекші көмекшісі әділет майоры А.Қарабаланов ІІМ-нің Грамотосымен марапатталып, бірқатар қызметкерлерге ІІМ-нің Алғыс хаты тапсырылды.
Сондай-ақ ҚАЖД қызметкерлерін 7552 әскери бөлімнің, «Ауғанстандағы ардагерлерді үйлестіру кеңесі» мен Алматы қаласы бойынша ҚАЖД Ардагерлер кеңесінің басшылары да Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өз тараптарынан бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жиында Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің 15 жас маманы салтанатты түрде Ант қабылдады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ҚАЖ департаментінің еңбекте жетістікке жеткен 100-ге жуық қызметкері марапатталды.