«Караван» газетінің ұжымы кітапхана қорын байытуға ат салысады

«Караван» газетінің ұжымы кітапхана қорын байытуға ат салысады

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар арасында әртүрлі тақырыптағы әдебиеттер жоғары сұранысқа ие.

Бас бостандығынан айыру орындарындағы кітапханалар қоры жыл өткен сайын толыға түсуде. Кітапхана қорын байытуға ат салысатындар ішінде ҚР Ұлттық кітапханасынан бастап жеке адамдарға дейін бар. 

Мысалы «Караван» газетінің ұжымы  жеке адамдардан көркем-танымдық әдеби кітаптарды жинап, жабық мекемелерге өткізу акциясын ұйымдастыруда. Осы акция аясында жуырда олар алматылық Александр атты тұрғынның атынан 120 кітап әкелді. Оның арасында орыс, әлем классиктерінің толық жинақтары да бар.

Расында қазір кітапты көп оқитындар арасында  сотталғандар алдыңғы орын алатыны анық. Мысалы ЛА-155/6 мекемесіндегі сотталған жасөспірімдер түске дейін мектепте болса, түстен кейінгі бос уақыттарында кітап оқуға құмар. Балалар психология, бизнес, маркетингке байланыстарды да көп оқиды.

Биыл Алматы қаласы ҚАЖД-ге қарасты тергеу изоляторындағы кітапхана қоры 5495 кітапқа артты. Аталған изолятордағы камераларда телевизор тұрғанмен де тергеу тұтқынындағылар кітапты көп оқиды екен. Әсіресе Б. Акунин, А. Дюма, Э.Тополь, М.Булгаков, А.Шарьер, Д.Роулинг сияқты жазушылардың кітаптары қолдан қолға тимейді десе де болады. Тұтқындардың кітапқа тапсырыс беретін журналын қарасаңыз мысалы Шарьердің «Мотылек», Булгаковтың «Мастер и Маргарита», Дюмоның «Граф Монте-Кристо» кітаптарына деген тапсырыс жиі. Әйелдер көбіне  Сидни Шелдон мен Марининаның, Устинова мен Донцованың кітаптарын оқиды.