
Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі туысқандары мен жақындарына сәлемдеме әкелушілер үшін тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандарға қолданылатын жаза жайлы жазбаша ескертпелер көрнекі жерде ілініп тұрады. Соған қарамастан сотталғандар мен тергеу тұтқынындағыларға тыйым салынған заттарды жасырын түрде өткізуге тырысатындар көптеп кездеседі. Алматы қаласындағы тергеу изоляторында 1000-нан аса тергеу тұтқынындағылар мен сот үкімінің күшіне ену уақытын күтіп жатқандар ұсталады. Заңға қайшы әрекет жасап оларға есірткі, ұялы телефондар жеткізуге әрекет жасайтындар да осы мекемеде жиі анықталады. Мысалы жуырда ЛА-155/18 мекемесінің сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде шоколодты конфеттің ортасына өсімдік тектес есірткі затын жасырып әкелген Т. деген адам ұсталды. 1994 жылы туған ол 8 дана конфеттің ортасына салынған есірткілік затты тергеу тұтқынындағы И-ға әкелген. Тыйым салынған затты құйтұрқылық жолмен өткізбекші болған Т-ның Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғыны екені анықталды.
Тыйым салынған заттарды өткізбекші болған әрекеттер кезінде Алматы қаласы Түрксіб аудандық ПБ-нан жедел тереу тобы шақырылып, құқықбұзушыларға тиісті жаза белгіленуде.