Әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланды

Әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланды

Жуырда «Реванш» қоғамдық қоры ұйымдастырған дөңгелек үстел өткізілді. Оған Алматы қаласының және Түрксіб, Алмалы аудандары әкімдіктерінің, қаланың 8 аудан пробация қызметтерінің, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының, Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығының, Жергілікті полиция қызметінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқты. 

 «Реванш» қоғамдық қоры ұйымдастырған бұл іс шараның мақсаты – халықтың осал топтары арасындағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде күш-жігер мен өзара іс-қимылды біріктіру, әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, емделуге, жұмысқа орналасуға қол жеткізудегі кедергілерді жою, қайта қылмыс жасаудың алдын алу.

Дөңгелек үстелде «Төтенше жағдай кезінде ең көп зардап шеккен адамдарға, халықтың осал топтарына кешенді қызмет көрсету» әлеуметтік жобасы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қатысушылар аз қамтылған отбасылардан шыққан адамдардың қоғамға қайта әлеуметтенуіне және дәрігерлік-әлеуметтік қызметтерге қол жеткізулеріне кедергі келтіретін жағдайлар жайлы да кеңінен пікір алмасты.

Сондай-ақ дөңгелек үстел басына жиналғандар адамның иммундықтапшылық вирусына, гепатит, туберкулез ауруларына шалдыққандарды құқықтық, медициналық және әлеуметтік қолдауға бағытталған қызметтердің үлгісімен танысты. Мұндай қолдауға мұқтаж адамдардың арасында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан сотталғандар да бар екені атап өтілді.