
Еліміздегі ең мейірлі мерекенің бірі – ұстаздар күні. 1994 жылы Дүниежүзілік мереке болып бекітілген мұғалімдер күнін дүниежүзінде жүзден аса мемлекет атап өтеді екен. Ұстаздар күні жазалы балалардың да асыға күтетін мерекесі. Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты балалар колониясындағы сотталған жасөспірімдер биыл да бұл мерекені зор салтанатпен атап өтті.
Салтанатты шарада мекеме бастығы әділет подполковнигі Мирас Толубаев колония ішіндегі орта мектептің ұстаздарын мерейлі мерекелерімен құттықтап, жазалы балаларға білім берумен қатар оларды жарқын өмірге бастап жүрген ұстаздардың жанкешті еңбегіне алғыс білдірді.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғ. Қайырбеков жырлағандай өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі мәртебелі мамандық иелерінің еңбегі ерен.
Қазіргі таңда аталған мекемеде 30 оқушы білім алуда. Оларға ұзақ жыл тәжірибесі бар 11 ұстаз сабақ береді.
Салтанатты іс-шара кезінде ұстаздарға мекеме бастығының алғыс хаттары табыс етілді.