
Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесінде 52 кәмелетке толмаған жасөспірім жазасын өтеуде. Мекемеде 6 орынға арналған медициналық-санитарлық бөлім және туберкулезбен ауыратындарға арналған оқшаулау орны бар. Республикадағы бірден бір балалар колониясында жасөспірімдерге 11 дәрігер мен медбике қызмет көрсетеді.
Медициналық-санитарлық бөлімге білікті дәрігер әділет капитаны Дильнара Нурдинова басшылық жасайды. 2009 жылы Қазақстан-Ресей Медицина университетінің «Жалпы медицина бөлімін» бітірген Дильнара Нурдинова содан бері Алматы қаласы бойынша ҚАЖД мекемелерінде дәрігер болып жемісті еңбек етіп келеді.
– Жазалы жасөспірімдерге сапалы медициналық көмек көрсетумен қатар біз оларды жылына төрт рет жоспары түрде профилактикалық тексеруден өткізіп тұрамыз. Тексеруге Алматыдағы №5 қалалық емхананың лор, хирург, невропотолог, терапевт, окулист сияқты дәрігер мамандары да атсалысып, бірігіп жұмыс жасаймыз. Мекемеде арнайы стоматология кабинеті бар, ол қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сондай-ақ сотталғандар балалар арасында коронавирустың алдын-алу мақсатында 18 жасқа толған жасөспірімдерге екпе салынды.-дейді бөлім басшысы Дильнара Рашидиновна Нурдинова. – Созылмалы науқастары бар балалар дер кезінде анықталып, дәрігерлердің қатаң бақылауына алынады. Қажет болған жағдайда Алматы қаласының ауруханаларынан арнайы маман дәрігерлер келіп кеңес береді және ем тағайындайды.