
1 қыркүйек – Білім күнінде Алматы қаласы бойынша ЛА-155/6 мекемесінде алғашқы қоңырау мерекесі «Тәуелсіздік жетістіктері» деген тақырыпта сынып сағаты ретінде аталып өтті. Сынып сағатында Қазақстанның тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері аталып өтті. Сынып жетекшілері жазалы жасөспірімдерге еліміздің мәңгілік ел болу жолындағы алғашқы қадамдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі түрлі жаңғыру жолдары туралы кеңінен әңгімеледі.
«Жаңа оқу жылында ЛА-155/6 мекемесінде 4 сынып жасақталды. Оның ішінде қазақ сыныптарында 20, орыс сыныптарында 13 оқушы оқитын болады. Бүгінде мекемедегі жалпы оқушылар саны – 33. Ұстаздар ұжымы оқушыларға жыл бойы сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін білімдері мен біліктіліктерін аямайды»-деді сынып сағатының ашылу салтанатында оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Айзада Алиева.
Мекемедегі жасөспірімдерді Білім күнімен құттықтаған әлеуметтік- психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы әділет майоры Алма Қойшыбайқызы Бәзілбаева оқушыларға жаңа оқу жылында үздік көрсеткіштер тілеп, мектеп мұғалімдерінің қажырлы еңбегіне алғыс айтты.
«Сондай-ақ еліміздегі қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты, мектепте санитарлық талаптар қатаң сақталған. Жасөспірімдер сабақты бетперде режимінде оқитын болады. Жаңа оқу жылы басталар алдында мектептегі барлық сыныптарға зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оқушылардың денсаулығы күнделікті мекеме дәрігерлерінің бақылауында»-деді медициналық қызметтің бастығы Сейілхан Таласбаев.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ЛА-155/6 мекемесінің аумағындағы мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында мектеп оқуға қажетті құралдармен толықтырылған болатын. Атап айтқанда компьютерлік класқа қосымша ноутбуктар мен компьютерлік стол, парталар, оқу тақталары қойылды. Оқушылар үшін тағы да бір қуанышты жәйт – мектеп кітапханасы қосымша 210 көркем әдебиетпен толықты. Сонымен қатар мектепке жеткізілген құралдардың ішінде балалардың физикалық дамуына қажетті спорттық құралдар да бар. Алматы қаласы бойынша ҚАЖД басшылығы алдағы уақытта мекемелерге бөлінген қаражатты үнемдеу есебінен балалар колониясының материалдық базасын одан әрі нығайта түсуді де қарастыруда.