
Ата — бабаларымыз “Тәні саудың – жаны сау”— деп бекер айтпаған. Ал спорттың қай түрімен айналысу әр адамның өз қабілетіне байланысты болатындығын ұлы ойшыл Ибн Сина шығармаларында жазыпты. «Jas Otan» ЖҚ белсенділері ЛА-155/13 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында футболдан жарыс өткізуді ұйғарды. Жалпы, футбол спорт түрі ұдайы дамып, ойын тәсілі де ұшталып келеді. Футбол кез-келген адамның физикалық даму сапасына, мінездің маңызды сипаттарын тәрбиелеуге ықпал етеді. Сонымен қатар, шығармашылық белсеңділікті арттырып, берілген жұмысқа жауапкершілікпен қарауға көмектеседі, шапшаңдық пен қырағылықты дамытады.
Қатысушылар 4 командаға бөлінді. Әрбір топ өзінің шапшаңдығымен, қақпаға дәл бағыттау қабілетімен ерекшелене түсті, тіпті олардың арасындағы ойын тартысты түрде өтті дей аламыз. Ойын соңында жеңімпаздарға кубоктар, марапаттау қағаздары және «Бақытты қала» атты кітап табыс етілді. Бұл жарыс барлық қатысушының көңілінен шыққан, бәрін бір сергіткен жарыс болды. Және, Алматы қалалық Жас Отан жастар қанатының белсенділері де алдағы уақытта ЛА-155/13 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде осындай маңызды кездесулер мен жарыстарды ұйымдастыратындықтарын айтып қуантты.