
Пробация қызметінің бақылауындағы сотталғандарды үнемі бақылауда ұстау пробация инспекторлары үшін жеңіл жұмыс емес. Алып қала Алматыдағы сотталғандардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын бақылау пробация инспекторларынан үлкен күш-жігер мен жауапкершілікті талап етеді. Бұл орайда пробация қызметінің мамандары учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе жұмыс жасайды. Алматы қаласы Әуезов Ауданының пробация инспекторлары жуырда учаскелік инспекторлармен бірлесіп сотталғандарды тұрғылықты жері бойынша тексерумен қатар, олардың қайталап қылмыс жасауларына жол бермеу үшін түсінік жұмыстарын жүргізді.
Сотталғандардың салауатты өмір салтын ұстап, дұрыс жүрулеріне жақын туыстарының да ықпалы мол екені аян. Бұл орайда пробация қызметкерлері сотталғандардың туған-туыстарымен де әңгімелесіп, жаза өтеу тәртібін бұзған сотталғандарға жазбаша ескерту берілетінін, одан әрі шешім қабылдау үшін іс сотқа жолданатынын ескертті.