
Елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясына Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемесінің жеке құрамы да қызу үн қосты. Олар жуырда Алматы қаласындағы «Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығындағы» балаларға мектеп құралдарына толы сөмкелер тарту етті. Сонымен қатар мекеме қызметкерлері түрлі тәттілер де ала келіп, бүлдіршіндердің көңілін көтерді.
ЛА-155/18 мекемесі ұжымының қайырымдылығына риза болған орталық директорының міндетін атқарушы Б.Садуова мекеме басшысы әділет подполковнигі Ә.Джумадиевтің атына алғыс хат жолдады.
Орталық басшысы өз ризашылығын «Адам өмірі халқына сіңірген еңбегі, қоғамға қосқан өнегелі істерімен өлшенбек. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көрсеткен көмектеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз» деген жүрекжарды алғысымен білдірді.
«Мектепке жол» акциясының аясында осындай өнеге көрсеткен тергеу изоляторының ұжымы қамкөңіл балаларға дастархан жайса, олар қайырымды ағайлар мен апайларға арнап тақпақ айтып, ән шырқап берді.