
«Мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын» деген М.Горькийдің сөзі қай заманда, қай қоғамда болмасын өзінің өміршеңдігін жоғалтпайтын сөз. Бүгінгі жаһандану заманында озық технологияның өзі кітаптың құндылығын жоғалта алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Жастарды кітап арқылы тәрбиелеудің бір үлгісі – Алматы қаласындағы балалар колониясында жүзеге асуда. Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесіндегі кітапхана қорында екі мыңнан астам кітап бар. Колониядағы 50-ге жуық жазалы балалардың ең сүйікті орыны – осы кітапхана.
Сонымен қатар биыл балалар колониясында «Кітапты шексіз оқу» атты жоба өткізіліп, жасөспірімдердің кітап оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілген болатын. Жақында балалар колониясының кітапханасы тағы да бірқатар кітаптармен толықты. Жуырда республикадағы жалғыз балалар колониясында болып, жазалы балаларға білім беру деңгейімен танысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылованың бастамасымен жеткен кітаптардың ішінде классик ақын-жазушылардың еңбектерімен қатар, балаларды кәсіпке баулитын кітаптар да бар.
Түзеу мекемесінің басшылығы жазалы балалардың ой-өрісін кеңітетін құнды кітаптар жібергені үшін вице-министр Б.Асыловаға алғыс білдіреді.