
Елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қылмыс жасауының алдын алуға бағытталған жұмыстардың қарқынды жүргізілетініне қарамастан, жасөспірімдер арасында қылмыс жасау жиі кездеседі. ҚР Қылмыстық кодексінің 81-бабы 7 -тармағына сәйкес кәмелетке толмағандарға он жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, ал ауырлататын жағдайлармен кісі өлтіргені үшін немесе терроризм актісі үшін он екі жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал, онша ауыр емес қылмыс немесе өлім келтірумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.
Екі миллионға жуық тұрғыны бар Алматы қаласы бойынша қазір осындай бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмаған 13 бала пробациялық қызмет бақылауына алынған. Оның ішінде 5 жасөспірім Алатау ауданы пробациялық қызмет бөлімінің есебінде тұр. Солардың бірі – бей-берекет жүріп қылмысқа ұрынған Максим. Ол түн ортасында ішімдік ішіп алған адаммен сөзге келіп, оны соққыға жығып, онымен қоймай жәбірленушінің ұялы телефонын алып кеткен. Сот оның жәбірленушімен ымыраға келгенін және келтірілген материалдық шығынды өтегенін ескеріп, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кескен болатын. Сонымен қатар адам тонағандары үшін жазалы болған Санжар, Диас және Рамазан атты жасөспірімдерге де бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық қызметтің бақылауына алынған. Жуырда Алатау аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әмір Тойбаев пробацияның бақылауында тұрған жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырды. Кездесу кезінде пробация маманы оларға жаза өтеу талабын қатаң орындап, қайта қылмыс жасамау қажеттігін түсіндіріп, жасөспірімдердің болашағына оң ықпал ететінін іс-шаралар туралы жан-жақты әңгіме өткізді.