
Өмірдің қиындықтарына тап болған отбасыларына психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсететін «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қоры құқық қорғау органдарымен де бірігіп жұмыс істейді. Жуырда аталған қоғамдық қор өкілдері Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 мекемесінде болып, мекеменің психолог-инспекторымен бірге жеке құрам арасында «Қылмыстық – атқару жүйесіндегі қызметкерлердің жұмысындағы агрессия» тақырыбында лекция өткізді. Сотталғандармен бетпе-бет жұмыс істейтін қылмыстық-атқару жүйесі саласының қызметкерлері қылмыскерлер тарапынан түрлі арандатулар мен қасақана адамның ашу-ызасын тудыратын әрекеттерге тап болатыны жасырын емес. Сотталғандардың арасында нашақорлар мен аса ауыр қылмыс жасап, мінез-құлқы бұзылғандар аз емес. Олар кей жағдайда жас мамандарды әдейі жанжалға итермелейтін жағдайлар да кездеседі. Лекция кезінде қоғамдық қор мамандары түзеу мекемесінің мамандарына осындай қиын жағдайдан жанжалсыз шығудың жолдарын көрсетіп, психологиялық жағынан тиімді әдістерді үйретті.
Сондай-ақ қор мамандары әрбір қызметкердің жеке пікірін тыңдап, сотталғандармен жанжалдасудың зардабын да жете түсіндірді.