
Егеменді еліміздің дамуына зор кедергі келтіретін факторлардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Бүгінде Қазақстанда сыбайластықпен күресті жандандыру мәселесі зор маңызға ие. Жемқорлыққа қарсы күрес Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде де жүйелі түрде жүргізіледі. 12 шілде күні ЛА-155/18 мекемесінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел кезінде Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері жеке құрам арасында жемқорлықты болдырмаудың маңызына тоқталды.
Өткен жылы Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы тапсырмалар берген болатын. Осыған орай ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған тұлғаларға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Сондай-ақ парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталғандарды бірден қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелеріне жіберу мүмкіндігі тоқтатылды. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар қауіпсіздігі барынша төмен колонияға ауысу үшін залалды өтеп қана қоймай, тағайындалған жазаның бір бөлігін жабық түзеу мекемелерінде өтеуі тиіс. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға да сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Дөңгелек үстел барысында осындай өзгерістер енген уақыттан бері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ортаға салынды.
«Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында біз Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдерімен кездесулер өткізіп, жас мамандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Осындай тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде жеке құрам арасында жемқорлық фактілерінің алдын алуға мүмкіндік мол» дейді ЛА-155/18 мекемесі бастығының орынбасары М. Какимжанов.
Дөңгелек үстел кезінде мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары туралы да назарға жеткізілді.