
Жуырда Алматы қаласындағы балалар колониясына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы Асылова келіп, түзеу мекемесіндегі жасөспірімдердің білім алу жағдайымен танысты.
Жазалы балалардың ортасында болған вице-министр оларға сұрақтар қойып, жасөспірімдердің жауаптарын тыңдады.
«Сендерде бұл жерде бос уақыт көп, сол уақытты білім алуға жұмсау керек. Қазіргі заман – білім мен ғылымның заманы. Өмірде қателеспейтін адам болмайды, сендер жазаларыңды өтеп шыққан соң елімізге қажетті маман болуларың керек. Ол үшін осы жердегі мүмкіндікті тиімді пайдаланыңдар. Жақсы білім алсаңдар болашақта нандарыңды адал еңбекпен тауып жейтін боласыңдар. Білім – сендердің жарқын болашақтарыңның кепілі» - деп емен-жарқын әңгімелескен вице-министр Б. Асылованың сөзі жазалы жасөспірімдердің білім алуға және жүректері қалаған мамандықты игеріп, тағдырларын өзгертуге деген құштарлықтарын арттырды.
Түзеу мекемесіндегі жұмыстардың барысымен танысқан вице-министр қанатқақты жоба ретінде мектеп бітірушілер тарапынан ынталы балалардың колледжде оқуларына көмектесетінін жеткізді. Бұл орайда Б. Асылова қалалық білім басқармасы бастығының орынбасарына колледжде оқуға тілек білдірген балалардың құжаттарын қазірден бастап даярлауды тапсырды.
Вице-министрмен кездесуге қатысқан «Адам құқықтарын қорғау хартиясы» қоғамдық қорының жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетова да түзеу мекемесіндегі балаларды ұстау жағдайымен таныс екенін жеткізіп, сөз сөйледі.