СОТТАЛҒАНДАРДЫ ТІРКЕЙТІН ТЕРМИНАЛ ПАЙДА БОЛДЫ

СОТТАЛҒАНДАРДЫ ТІРКЕЙТІН ТЕРМИНАЛ ПАЙДА БОЛДЫ

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Алмалы ауданы Пробация қызметі есепте тұрғандарды енді биометрикалық терминал арқылы бақылайтын болады.

Бұл тың техниканың ерекшелігі – уақытты үнемдеуге зор ықпал етеді. Мысалы Алмалы аудандық пробация қызметінің бақылауында тұратын 268 сотталған айына екі рет келіп тіркеуден өтеді. Аталған құрылғы орнатылғаннан бері пробация қызметкерлерінің де, сотталғандардың да уақытын үнемдеуге мүмкіндік туып отыр.

«Бұрын тіркелуге келген сотталғандар кезек күтіп тұратын. Қазір олар биометрикалық терминалдан өткен кезде, терминал суретке түсіреді де, сканер адамның түрі мен қолының ізін бірден анықтап, оны компьютерге енгізеді. Терминалды орнатуға бізге Алмалы аудандық әкімдігі мен прокуратурасы көмектесті. Біз алдағы уақытта да аталған органдармен ынтымақтастығымызды нығайта беретін боламыз»- дейді Алмалы аудандық Пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Ақмарал Оразайқызы.

Алматы қаласында Алмалы ауданына бірінші болып орнатылған мұндай техниканы алдағы уақытта барлық аудандарға орнату жоспарлануда.