Ерлік сабағы

Ерлік сабағы

1997 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» – жазықсыз құрбан болған азаматтарымыздың есімін ұлықтау, олар өмір сүрген заманның қаралы тарихын тану күні болып табылады. Аталған күн қарсаңында Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 түзеу мекемесінің жеке құрамы «Ерлік сабағын» ұйымдастырып, тотаритарлық жүйенің құрбаны болған М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты танымал жазушыларды, көрнекті ғалымдар А.Байтұрсынов, С.Асфендияровты, басқа да ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірлерін еске түсірді. «Ерлік сабағы» барысында түзеу мекемесінің жеке құрамы құрбандардың сүйегі жатқан «Жаңалық» ауылындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайды аралап, құрбандар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жазықсыз жандарды құрбан еткен сол зұлматты жылдардың ауыртпалығы мен тарихымыздың ақтаңдақтары туралы құнды мәліметтерге қаныққан қызметкерлердің өткенге деген құрмет сезімі артып, олар бүгінгі бейбіт күннің бағасын қадірлеуді түсінді.

31 мамыр біз үшін тек қаралы күн ғана емес, бұл күн қаңқұйлы жылдардың құрбаны болған жандардың рухына құрмет көрсету күні. Олардың өмірін ұмытпай, еске сақтау – біздің борышымыз.