Наурыз айынан бастап әлемде коронавирус дерті қайтадан күшейді. Оған себеп адам ағзасының көктемде біршама әлсірейтіні салдарынан вирусты аурулардың да жиілейтіні және әлемді жайлаған қауіпті індеттің мутацияға ұшыраған түрінің таралуы. Дүниежүзін жайлаған індеттен құтылудың бірден бір жолы вакцина салу екенін дүниежүзі моиындап отыр.
Індетті алдын алуға бағытталған іс-шара – вакцина қабылдаудан сотталғандар да қалыс қалған жоқ. Салынып жатқан вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешені өндіретін «Спутник V» ресейлік вакцина.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 1 сәуірден бастап жеке құрам мен сотталғандарға вакцина салу басталды. Вакцина егу шарасы басталмас бұрын сотталғандар арасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алудың маңыздылығы түсіндіріліп, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында тегін вакцина салдыру ұсынылды. Жергілікті атқару органдарымен өзара ынтымақтастық нәтижесінде бірінші болып қоныс колониясындағы сотталғандар екпе қабылдады. Сондай-ақ ЛА-155/6 мекемесіндегі 18 жасқа толған жасөспірімдерге ғана вакцина егілді. Бүгін ЛА-155/18 мекемесінде, яғни тергеу изоляторындағы сотталғандар мен тергеу тұтқынындағылар, вакцина қабылдауда. Вакцина егу алдында дәрігерлер дене қызуын өлшеп, эпидемиологиялық анамнез жинап, сатурация мен қан қысымын өлшеп, өкпе және жүрек қан-тамыры жүйесін тексерді. Вакцина қабылдағаннан соң сотталғандар 30 минут дәрігерлердің бақылауында болды.
Сотталғандардың барлығы вакцина қабылдаудың маңыздылығын ұғып түсініп, індеттің алдын алу шарасын ұйымшылдықпен өткізуде.