
Туберкулез – ауа тамшылары арқылы жұғатын және aғзағa туберкулез бактериялары түскенде дамитын созылмалы жұқпалы ауру. Туберкулез өкпемен қатар адам ағзасының барлық органдары мен тіндерін зақымдайды.
Туберкулез қоздырғышын белгілі неміс ғалымы Роберт Кох ашқандықтан медицинада Кох таяқшасы деп те аталады. Ауруды таратушы – ашық түрдегі туберкулезі бар науқас адам, себебі оның қақырығынан немесе түкірігінен туберкулез таяқшасы бөлінеді. Науқас адамның түкірігі немесе қақырығы шаңмен араласады да, ауа арқылы дені сау адамға жұғуы мүмкін.
Сондай-ақ, туберкулез таяқшасымен зақымданған шикі сүтті және басқа да сүт өнімдерін пайдалану, ауру жануарға күтім жасау кезінде де жұқтыруы мүмкін. Туберкулез бактериялары сыртқы ортаға өте төзімділігімен ерекшеленеді. Көше шаңдарында бактериялар өмір сүру қабілетін он күнге дейін, ал кітап беттерінде үш айға дейін, науқастың киімі мен төсек жаймасында төрт айға дейін, суда бес айға дейін сақтайды. Бірақ Кох таяқшасын жұқтырғандардың барлығы ауру болып саналмайды. Туберкулез таяқшасын адамның иммунитеті тұншықтыра алады. Ағзаның қорғаныс қабылеті мықты болса бактерия ол ағзада бас көтере алмайды. Ал, дұрыс тамақтанбау, әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы, психологиялық күйзелістер туберкулезбен ауруға себеп болады.
Осындан қауіпті аурудың алдын алу мақсатында жуырда Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі жасөспірімдер флюрографиялық тексеруден өткізілді. Аталған мекемеде қазір 46 сотталған жасөспірім жазаларын өтеуде. Олардың дене тәрбиесімен айналысулары, дұрыс тамақтанулары, денсаулықтарын шынықтырулары ерекше бақылауға алынған. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жазалы жасөспірімдердің арасынан туберкулез ауруы анықталған жоқ.