«Үміт» конкурсына дайындалу үстінде

«Үміт» конкурсына дайындалу үстінде

Сотталғандар арасында өткізілетін «Үміт» конкурсы – жазалы жандардың жүрегіне үміт сәулесін жағатын конкурс. Небір «он саусағы он кісі» дейтін шеберлер осы конкурс арқылы танылады. Биыл да республикадағы әрбір түзеу мекемесі «Үміт» конкурсына сотталғандардың ең үздік деген шығармаларын ұсынады. Қалалық және облыстық конкурстарда жеңімпаз атанған шығармалар, ҚАЖ комитетіне жолданып, республикалық финалға қатысады.

«Үміттің» тақырыбы жыл сайын әртүрлі. Мысалы биыл конкурсқа қатысушыларға «Гармония», «Менің жан дүнием», «Бақыт дегеніміз...», «Менің арманым» тақырыптары ұсынылды. Суретшілердің холст, маилы бояу, акварель, графика қолдану арқылы реализм, сюрреализм, абстракционизм бағытында салған суреттері қабылданады. Картиналардың көлемі 50Х70 сантиметрден кем болмауы керек.

Ал шеберлер өздерінің гипстан, ағаштан, балшықтан және басқа да материалдардан жасаған қолөнер бұйымдарын ұсына алады.

Алматы қаласы бойынша өтетін конкурста жеңімпаз атанғандар қалалық ҚАЖ департаменті тарапынан дипломдармен және 15 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін ақшамен марапатталады.

Республикалық «Үміт» конкурсы сотталғандардың өмірге деген құштарлығын арттыруға және өздерінің жүрегі қалаған өнерден қол үзбеулеріне септігін тигізетін тәрбиелік мәні зор іс-шара. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бастамасымен 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Үміт» конкурсы талай өнерлі жандардың талантын танытты.  

Аталған конкурс барлық өнерлі сотталғандардың шабытына шабыт қосатын конкурс қана емес, ол дарынды адамдардың басын біріктіретін, олардың біреуінің өнеріне жол ашса, екіншісінің өнерін ұштайтын іс-шара. Сондықтан да бұл конкурсқа сотталғандар жұмыла дайындалады

Сондай таланттардың бірі – ЛА-155/18 түзеу мекемесіндегі сотталған Станислав Пархоменко.

Алаяқтық қылмысы үшін сотталып, жазасын аталған түзеу мекемесінің шаруашылық қызметтегі жасағында өтеп жүрген Станислав кәсіби суретші. Оның қыл қаламынан туған картиналардың дені табиғат - ананың сұлулығын суреттейді.

Станислав түрменің нанын жеп жүрсе де талантын тұншықтырмай темір тордың арғы жағын шабытқа бөлеп жүрген жан. Суретші бос уақытының барлығын майлы бояумен сурет салуға жұмсап, тамылжыған табиғатты кенеп бетіне көшіреді. Бала кезінде бес жыл бейнелеу студиясында, одан кейін Алматы балалар көркемсурет мектебінде оқыған, Алматы көркемсурет училищесін бітірген Станиславтың өнеріне темір тор кедергі бола қоймапты. Бостандықта жүргенде салған суреттерін сыйлыққа таратып жүретін Станислав қазір сотталған өнерпаздар арасында өтетін «Үміт» конкурсына қатысу үшін еңбектенуде.

Сальвадор Дали, И. Шишкин, О. Айвазовскиидің картиналарын жақсы көремін. Әлемдік сурет өнері дегенде  Микеланджело, Рафаэль, Леонардо да Винчиді атамай кетуге болмайды. Соңғы жылдары өзімнің жұмысыма байланысты суретті графикалық бағдарлама арқылы компьютерде салуға тура келді. Мен бостандықта полиграфиялық дизайнмен, сайттар жасаумен, интернет-дүкенмен айналыстым. Ал темір торға тап келген соң қайтадан қолыма қыл қалам алып, бояумен сурет сала бастадым-дейді Станислав.

Ол «Үміт» конкурсына арнап салып жатқан картинасын «Даль» деп атағысы келеді. Станислав конкурсқа арнап қазір төрт картина салып жатыр.

Иә, Алатаудың асқақ шыңдары мен көкарай белдері бейнеленген картиналар иесінің де арманы асқақ екенін білдіріп тұр. бостандыққа шығуына аз уақыт қалған суретшінің арманы – өзі жанымен сүйетін Алатауына барып, бауырында шалқасынан жатып, арман жетелеген ақша бұлттарын тамашалау.

Шаруашылық қызметтегі сотталған Дәулет Қасымбековтің мамандығы – ағаш шебері. Еркіндіктегі он жылын осы өнерге арнаған Дәулеттің қазіргі ермегі де ағаштан түрлі бұйымдар жасау. Бұл өнер оның табыс табуына ғана емес, жанына жайлылық, көңіліне қуаныш сыйлайды.

Мен мұнда көлік құралын ішіп алып айдағаным үшін түстім. Жазамды өтеп жатқаныма бір жыл болды. Енді бір айдан соң жазаны өтеудің жеңіл түріне ауыстырады. Конкурсқа дайындаған бұйымымды бітіремін де, отбасыма ораламын-дейді Дәулет. – Өнер сайысына мен қазақ үшін киелі саналатын – бесік жасадым. Қазір халқымның тағы бір құнды дүниесі – домбыра жасап бітірдім. Қарағайдан жасап жатқан домбырамның сапасы өте жоғары. Енді домбыраның қабын да сапалы материалдардан жасап жатырмын. Ағаштан жасалған қаптың сыртын Кеңес кезінде кітап пен құжаттардың сыртын жасайтын бағалы әрі отқа төзімді винилмен қаптадым. Іші қызыл мақпалмен қапталған қап та әдемі шықты.