
Пробациялық бақылау қызметінің жұмысы сотталғандардың қайталап қылмыс жасамауларын қадағалап, олардың кәсіби білім алып, шеберлігін ұштауға баулу болып табылады. Өмірлік тәжірибе жинақтау, әлеуметтік байланыстарын жетілдіру, әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмек көрсетудің өз деңгейінде болуы олардың қоғамға қалыпты азамат болып оралуларына ықпал етеді.
Түрксіб аудандық пробациялық бақылау қызметінде қазір 361 адам есепте тұрады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босап, бақылауға алынған азаматтардың түрлі ауруларға (туберкулез, СПИД, есірткі мен алкогольге тәуелділік) бейім болатыны анық. Сондықтан жуырда Түрксіб аудандық пробация қызметі «Санат әлемі» Қоғамдық қорымен бірлесіп, Басты қордың грант жобасын жүзеге асыру аясында туберкулезді ерте анықтау және оның алдын алу бағытында елеулі жұмыстар жүргізді.
Туберкулезді кеш анықтау және емдеуді кеш бастау аурудың кеңінен таралуына себеп болады. Осыны ескерген «Санат әлемі» қоғамдық қорының өкілдері сотталғандар арасында ауруды анықтау мен алдын алу туралы насихат жұмыстарын жүргізумен қатар оның алдын алатын ақпараттық-ағарту материалдарын, буклеттер мен парақшалар таратты.
Сотталған адамды қоғамға пайда келтіретін, жаман әдеттен арылған адам ретінде қайтару оңай жұмыс емес. Оларға әлеуметтік-құқықтық, медициналық көмек көрсету жұмыстарын үздіксіз әрі біліктілікпен жүргізу керек. Сонда ғана біз ойлағандай нәтижеге қол жеткізе аламыз - дейді Түрксіб аудандық Пробация қызметінің бастығы әділет капитаны М. Ақсақалов.