Жасөспірімдер Ұлыстың ұлы күнін тойлады

Жасөспірімдер Ұлыстың ұлы күнін тойлады

Жуырда Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/6 мекемесінде жазаларын өтеп жүрген жасөспірімдер арасында «Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз!» мерекесі өткізілді.

Көктемнің шуақты мерекесін қуана қарсы алған жасөспірімдер арқан тарту, кір тасын көтеру, дойбы-шахмат, үстел теннисі сияқты ойындардан жарысқа түсіп, күш сынасты. Жазалы балалардың арасында өнерлі жасөспірімдер де көп. Мереке кезінде олар өз күштерімен даярлаған концерттік бағдарламаларын тарту етіп, мекеме ауласын әсем ән мен күмбірлеген күйге бөледі. Бір сәт балалар арасында викториналық ойындар ұйымдастырылса, Жамбыл атындағы кітапхана қызметкерлері салт-дәстүр туралы слайд көрсетті. Сонымен қатар арнайы наурыз туралы фильмді тамашалаған жасөспірімдер наурыз мерекесінің мұсылман елдерінде қалай тойланатынына, бұл мерекенің салт-дәстүрді жаңғырта отырып адамдарды ізеттілік пен ынтымақты болуға тәрбиелейтін мазмұнына қанықты.