Көктемнің шуағын ала келетін жыл басы – Наурыз мерекесі Алматы қаласындағы ЛА-155/18 мекемесінде де зор ризашылықпен тойланды. Карантин талаптарын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылған мереке кезінде құттықтау сөз сөйлеген мекеме бастығының орынбасары әділет полковнигі Мұратжан Кәкімжанов әз-Наурыздың адамдар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты арттыратын мереке екенін атап өтті.
Мекемедегі шаруашылық қызметіндегі сотталғандар арасында өткен Наурыз мерекесінде сотталғандар ән мен күйдің көрігін қыздырумен қатар өзара күш сынасып, түрлі спорттық ойындардан жарысқа түсті.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін паш ететін мереке кезінде әуелеген ән мен күмбірлеген күй жазалы жандардың көңілін көтеріп, өнерге деген құштарлықтарын арттыра түскені сөзсіз. Темір тордың ар жағында жүрсе де өмірге деген сенімдерін жоғалтпай, жарқын болашаққа ұмтылған сотталғандар осындай мереке ұйымдастырған мекеме басшылығына алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.