Алматы қаласындағы ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі жасөспірімдер әр мереке сайын өздерінің өнерлерін ортаға салуға мүмкіндік алады.
Жуырда аталған мекемеде домбыра үйірмесі қайта жұмысын бастады. Оған қатысатын бес жасөспірім әрбір сенбі сайын екі жарым сағат домбыра үйренеді.
Аталған үйірме қалалық білім басқармасының қолдауымен Түрксіб ауданындағы №6 Оқушылар үйінің мамандарымен ұйымдастырылады.
Сонымен қатар жасөспірімдер жазасын өтейтін түзеу мекемесінде шахмат үйірмесі де жұмыс істейді. Үйірмеге қатысатын сегіз баланың шеберлігін шыңдауларына барлық жағдай жасалған.
«Өткен жылдың наурыз айында құрылған үйірмелер коронавирус дертіне байланысты жарияланған карантин салдарынан тоқтап қалды. Мекемедегі жасөспірімдер соған қарамастан бос уақыттарында домбыра мен шахмат үйренуді жалғастырып жүрген болатын» - дейді ЛА-155/6 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбиелік, әлеуметтік – психологиялық жұмысы бөлімінің бастығы Алма Бәзілбаева.