ХОККЕЙШІ КАПИТАН

ХОККЕЙШІ КАПИТАН

Полиция қызметі қанша қарбалас, жауапты жұмыс болса да қызметкерлер өздерінің сүйікті ісімен айналысуға уақыт табады.  Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Әуезов аудандық Пробациялық бақылау қызметінің аға инспекторы Марат Тұрсын аптасына екі рет хоккей ойнауды әдетке айналдырған. Кешкі сағат 22-де басталатын жаттығу ойындары түннің ортасында аяқталса да, ол бірде бір рет ойыннан қалмайды. «Пробациялық бақылау қызметінің күні бойғы тынымсыз жұмысынан кейін Сіз хоккей ойнаудан шаршамайсыз ба?» деген сұраққа Марат біз күткеннен мүлде басқаша жауап берді.

– Спорттың қандай түрі болмасын денсаулыққа пайдалы. Соның ішінде хоккейдің пайдасы тіптен керемет. Мен 2015 жылдан бері әуесқой АЛХЛ хоккей лигасында ойнаймын. Алматыда жыл бойы хоккей маусымы. Жаттығу ойындарын «Алматы Арена» немесе «Халық арена» сарайларының мұз айдындарында өткіземіз. АЛХЛ лигасында 30 команда болатын, елімізде жарияланған карантинге байланысты қазір 12 команда ойнап жүрміз. Сіз «шаршамайсыз ба?» дейсіз, хоккей адамның он екі мүшесіне жаттығу ғой. Қайта ертеңіне жұмысқа сергек күйде кірісесіз»-дейді әділет капитаны Марат Нұрмұханбетұлы.

Қазіргідей интернеті мен түрлі озық техникасы жоқ заманда ауыл балалары жазда ала доп қуаласа, қыста өздерінің күшімен мұз айдынын жасап алып хоккей ойнайтын. Ауыл шетіндегі көгал мен қолдан жасалған айдында у-шу болып жататын балалар кешкісін екі-үш каналы ғана бар теледидардан  футбол мен хоккей ойындарын асыға күтуші еді. Марат та тура осындай ауыл баласы. Алматы облысының Жаркент қаласында туып-өскен.  

Кеңес кезіндегі атақты хоккейші Владислав Третьяк, Александр Рагулин сияқты «шабандоз» хоккейшілердің атағы жер жарып тұрған кезде оларға ұқсағысы келген ауыл балаларының хоккейге деген махаббаты зор болатын. «Бала кезімде мен чех қақпашысы Доминик Гашек және орыс қақпашысы Евгений Набоков ойнайтын командалардың ойынын құр жібермейтінмін. Әсіресе Қазақстанда туып-өсіп, Өскемен хоккей клубының түлегі Евгений Набоковтың қақпаны қорғау әдістеріне тәнті болдым десе де болады. Соның әсері шығар маған қазір де қақпашы болу ұнайды. Қақпашы болу өте жауапты әрі адамға психологиялық жағынан ауырлау. Неге десеңіз командаң ұтылып қалса, өзіңді кінәлі сезініп жүресің»-дейді ол.

Марат мектепті бітірген соң Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Заңтану мамандығы бойынша білім алған ол ішкі істер органындағы еңбек жолын пробация қызметінен бастады. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығын жетік меңгерудің қыр-сырын үйрене жүріп, хоккейден де қол үзген жоқ.  Әкесімен бірге жаттығу ойындарына барып жүріп ұлы Аман да хоккейге қызығып өсті. 9 жастағы хоккейші қазір алматылық «Стриж» командасының белді ойыншысы.

– Мен аптасына екі рет жаттығу ойындарына барсам, Аманның жаттығуы күн сайын. Мен сияқты әуесқой хоккейші емес, баламнан нағыз кәсіби хоккейші шығады деп сенемін. Кішкентай кезінен бері хоккейдің ережесін өзім үйретіп келемін.-дейді Марат. Осы орайда ол қазіргі Қазақстан хоккейі туралы да ойын білдірді. – 2019 жылы астанадағы  «Барыс-Арена» мұз айдынында тарихымызда тұңғыш рет шайбалы хоккейден бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты өтті. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Ал Қазақстан хоккейі қазір жақсы дамып келеді. Негізінде Қазақстан хоккейінің тарихына үңілсеңіз, бізде хоккей 1954 жылдан бастап дами бастапды. Осы жылы Өскеменде алғашқы хоккей командасы құрылса, кейін Петропавл мен Алматыда, Қарағандыда құрыла бастады. 1957 жылы Алматыда республика ішінде ең алғаш рет хоккей чемпионаты өтті.1992 жылы Қазақстан Халықаралық Хоккей федерациясына қабылданды. Ал, әр жылдардағы үздік хоккейшілерге қарап отырсаңыз қазақ жігіттері жоқтың қасы. Тек 2007 жылы ғана қазақтан бірінші рет Талғат Жайлауов Қазақстанның үздік хоккейшісі атанды. Бүгінде «Барыс» командасының мәртебесі биік болып тұр. Команда ойыншыларының арасында Дамир Рысбаев керемет хоккейші. Тек мұз алаңындағы төбелес үшін ойыннан шеттетілгені өкінішті. Хоккей ойыны кезінде төбелесу – шығын. Мысалы бізде төбелес үшін 50 000 теңге айыппұл төлейсің және  2 айға ойыннан шеттетілесің. Хоккейші үшін ойыннан шеттетілуден асқан қатаң жаза жоқ, сол үшін ойын кезінде жанжалдаспауға тырысамыз.

Негізінде хоккей қымбат ойын. Киімінің өзі қымбат  тұрады. Соның ішінде қақпашының киімі жарты миллион теңге. Бұрын балаларды хоккей үйірмелеріне беруге ата-аналарда қаржы болмайтын. Қазір елде мүмкіндік бар, сондықтан осы спорт түріне қызыққан балалар хоккеймен тұрақты түрде  айналысып жүр. Бұл болашақта Қазақстан хоккейі гүлденеді деген сөз. Биыл маусым айында АХЛ командалары арасында финал өтеді, қазір соған дайындалудамыз. Жартылай финалда біздің «Скиф» командасы бірінші орын алған болатын,-дейді Марат.

Полиция қызметкерінің өмірінде спорттың алар орны ерекше. Көздеген нысанаға дәл тигізу, қылмыскерді қуып жетіп ұстау, ұстаған кезде спорттық тәсілдерді қолдану арқылы өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету көз ілеспес шеберлікті қажет етеді. Әділет капитаны Марат Тұрсынның айтуынша хоккей ойынында осы тәсілдердің барлық элементтері бар екен.