
Көктемнің ең көркем әрі шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай қылмыстық атқару жүйесінде жоғары деңгейде үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға басшы құрам, қызметтегі нәзік жандылар, ардагерлер мен барлық қызметкерлер қатысып, оларға ерекше құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында сала басшысы сөз сөйлеп, құқық қорғау жүйесінде қызмет ететін әйелдердің еңбегін жоғары бағалады. Олар қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде, әділдік пен заңдылықты сақтауда үлкен жауапкершілік арқалап жүрген аруларға алғыс білдірді.
Қызметтік міндетін адал атқарып жүрген үздік мамандарға грамоталар, алғыс хаттар, медальдар табысталды. Сондай-ақ, мерекеге орай барлық әйелдерге гүл шоқтары ұсынылып, олардың еңбегіне ерекше ықылас танытылды.
Қылмыстық атқару жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер мен аналарға да ерекше құрмет көрсетілді. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін жас мамандармен бөлісіп, қызметке адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Шара барысында ардагерлерге естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталып, олардың қажырлы еңбегі мен төзімділігі үшін алғыс айтылды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар әсем әндер шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, нәзік жандыларға денсаулық, отбасылық бақыт және қызметте сәттілік тіледі.
- Бұл мерекелік іс-шара қылмыстық атқару жүйесіндегі әйелдер қауымына көрсетілген құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісі болды. Осындай жоғары деңгейде іс-шаралар олардың еңбегін бағалап, жігерлендіруге және мерекелік көңіл-күй сыйлауға үлкен септігін тигізеді, - деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті кадр және тәрбие жұмысы бөлімшесінің бастығы әділет подполковнигі Нуртазин Сабржан Бибитович.