Пробация қызметі еріктілер тобымен бірге сотталған қарияның пәтерақысын төлеп берді

Пробация қызметі еріктілер тобымен бірге сотталған қарияның пәтерақысын төлеп берді

Сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған 63 жастағы ақтөбелік кейуана, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметіне 2019 жылдың мамыр айында есепке алынды.

 

Істі болған кейуананы балалары қабылдағысы келмегендіктен, сотталған қария көпқабатты үйлердің бірінде зейнетақысын пәтерақыға төлеп, күнін көріп келеді. Қарт ананың жағдайын түсінген Пробация қызметі оған қолдау көрсету мақсатында өңірдегі «Добрые руки» еріктілер тобымен бірлесіп, қарияның пәтерақысын төлеп, азық-түлікпен және қажетті киім-кешекпен көмек берді.

 

«Есепте тұрған азқамтылған сотталғандарға арналған мұндай қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырудағы мақсатымыз- оларды қоғамға бейімдеп, жауапкершілікті сезінуге шақыру.

Осы орайда әлеуметтік көмек беруге арналған ұсынысымызды өңірдегі «Добрые руки» еріктілер тобы бірауыздан қолдады.  Бұдан бөлек, сотталған қарт ана белінің ауыратындығына шағымданғандықтан, пробация қызметінің инспекторлары алдағы уақытта сотталған азаматшаға жергілікті емханамен бірлесіп МРТ-ға тексеріс жасап, мүгедектігін құжаттандыруға атсалысатын болады»,- дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет аға лейтенанты Айғаным Алмағамбетова.

 

Қиналған кезінде көмекке қол ұшын созған Пробация қызметіне және еріктілер тобына риза болған сотталған қария:

«Менің зейнетақым пәтерақы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге кететіндіктен, күнделікті азық- түлік пен киім- кешекке ауыспайды. Осыны ескеріп, үнемі материалдық көмек көрсетіп келетін Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі мен «Добрые руки» еріктілер тобына алғысымды айтамын»,- деп алғысын білдірді.