
Грантқа түсе алмау – жолдың соңы емес: ШҚО-да жастарға мансапқа жаңаша қарау ұсынылады
Мектеп бітіру емтихандарынан кейін бір түлектің қолында көптен күткен гранты мен университетке түсу жоспары болса, енді бірінің қолында тек аттестаты қалып, «Енді не істеймін?» деген сұрақ туындайды.
Ақылы білім алу барлығына бірдей қолжетімді емес. Бірі уақытша үзіліс алып, жұмыс немесе қосымша табыс іздейді, енді бірі мамандық алуды кейінге қалдырады. Алайда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері атап өткендей, грантқа түсе алмау жас адамның кәсіби болашағына нүкте қою дегенді білдірмейді.
Бүгінде мектеп түлектерінің кәсіби жолын бастауға түрлі мүмкіндіктері бар. Солардың бірі – өз болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстыру.
«Біз жас адамның мектептен кейін алдында бір ғана жол бар деп ойламағанын қалаймыз. Грантқа түсу мүмкін болмады екен деп тоқтап қалудың қажеті жоқ. Өз жолыңды іздеуді жалғастырып, мамандық алып, тәжірибе жинап, біртіндеп мансап құруға болады. Ең бастысы – қандай мүмкіндіктер бар екенін білу», – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Оның айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызмет мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткісі келетін жастар үшін кәсіби жолын бастау мүмкіндіктерінің бірі болуы мүмкін.
Бұл тек жұмысқа орналасу мүмкіндігі ғана емес. Жас маман қызмет барысында кәсіби білім алып, арнайы дайындықтан өтіп, тәжірибе жинақтап, өз саласында дамып, әрі қарай қызметтік өсуге мүмкіндік алады.
«Бүгінде жастар ертең қай жерде жұмыс істейтінін ғана емес, бірнеше жылдан кейін кім бола алатынын да білгісі келеді. Сондықтан мамандықтар туралы шынайы айтып, нақты мүмкіндіктерді көрсету маңызды. Мүмкін, біреу үшін мемлекеттік қызмет дербес өмірге бастайтын алғашқы қадам болар», – деп атап өтті Салтанат Ожиканова.
Департаментте атап өткендей, мамандық таңдау әрдайым мектеп бітіргеннен кейін бірден жүзеге аса бермейді. Кейде кәсіби жолды бастау үшін бүгінгі таңда бар мүмкіндіктер туралы біліп, өзіңе лайықты бағытты таңдау жеткілікті.
Грант – бұл мүмкіндік. Бірақ грантқа ие бола алмау мүмкіндіктердің бәрі аяқталды деген сөз емес. Ең бастысы – тоқтап қалмай, өз жолыңды іздеу.
Анасының дастарханына келгенде қолға түсті: цифрлық пробация іздеуде жүрген сотталғанның ізіне шықты
Шығыс Қазақстан облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзған. Ол тіркеуге келмей, тұрғылықты мекенжайында болмай, пробация қызметкерлерінің бақылауынан жалтарған.
Осыған байланысты пробация қызметі оның жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынысты сотқа жолдаған. Алайда сот отырысында өзін жайсыз сезінетінін айтып, істі кейінге қалдыруды сұрайды. Сот өтінішін қанағаттандырғанымен, сотталған осы уақытты пайдаланып, бой тасалап кеткен.
Алғашқы іздестіру шаралары нәтиже бермеген соң ол ресми түрде іздеуге жарияланып, жазаны өтеу мерзімінің есебі тоқтатылды. Тіпті осы аралықта әкесі дүниеден өтсе де, жерлеу рәсіміне келмей, жасырынуын жалғастырған.
Іздестірудегі шешуші сәт цифрлық пробацияның мүмкіндіктерімен байланысты болды. Іздеуде жүрген азаматтың ұялы телефонынан жасалған қоңырау тіркеліп, цифрлық бақылау жүйесі оның жүрген жерін анықтауға мүмкіндік берді.
Пробация қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп көрсетілген мекенжайға дереу барды. Қашып кетуіне жол бермеу үшін үйге бір мезгілде негізгі және қосалқы кіреберіс арқылы кірді.
Сол сәтте іздеуде жүрген азамат анасының дайындаған дастарханында тамақтанып отырған. Сотталған оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдағы уақытта сот оның пробациялық бақылау түріндегі жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін қарайды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова:
«Пробациялық бақылау – бұл сотталған адамға қоғамнан оқшауланбай түзелуге берілетін мүмкіндік. Алайда заң талаптарын жүйелі түрде бұзу, бақылаудан жалтару және жасырыну мұндай мүмкіндіктен айырады. Бүгінде цифрлық технологиялар пробация қызметінің жұмысын жаңа деңгейге шығарып, іздеуде жүрген адамдардың жүрген жерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Ал полициямен бірлескен жұмыс сот шешімдерінің бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етеді.»
Торттың ішінде «сыйлық»: ұялы телефондарды тәтті тарту ретінде алып өтпек болған
Досын туған күнімен ерекше құттықтамақ болған азамат тосын сыйды кәдімгі торттың ішіне жасыруды жөн көрген. Алайда тәтті сыйлықтың «ішкі мазмұны» қызметкерлер үшін күтпеген жаңалық болды.
Тортты тексеру барысында мекеме қызметкері оның ішінен қатты затты байқап қалған. Мұқият тексеру кезінде ол затты біртіндеп шығарып, целлофанға мұқият оралған орамды анықтады.
Орамның ішінен ұялы телефон мен әлі ашылмаған SIM-карта шықты. Тексеру жалғасқан кезде дәл осындай тағы бір жасырылған орам табылды. Яғни әр целлофанның ішінде бір-бір ұялы телефон және жаңа SIM-карта болған.
Сөйтіп, туған күнге арналған кәдімгі торттың ішінен «тәттіден» гөрі мүлдем басқа тосын сый шыққан. Бірақ бұл «сыйлық» белгіленген тәртіп бойынша мекеме аумағына кіре алмады.
Анықталған тыйым салынған заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы және тыйым салынған заттарды беруге қатысы бар тұлғалар анықталуда.
«Тыйым салынған заттарды жасырып өткізу тәсілдері кейде адамды таңғалдырмай қоймайды. Бұл жолы ұялы телефондар мен SIM-карталар торттың ішіне жасырылған. Дегенмен қызметкердің қырағылығы мен мұқият тексеруі нәтижесінде күмәнді зат дер кезінде анықталды. Торттың сыртқы көрінісі тәтті болғанымен, оның ішіндегі «сыйлық» мүлдем басқа болып шықты», — деп түсіндірді ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінде атап өткендей, мекемелерге келіп түсетін барлық сәлемдемелер белгіленген тәртіппен тексеріледі. Қызметкерлер тыйым салынған заттардың мекеме аумағына жеткізілуіне жол бермеу мақсатында бақылау және тексеру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Сенімнің соңы – соттылық: ШҚО-да сүйіктісіне сенген жігіт рақымшылықпен сот залынан босатылды
Шығыс Қазақстан облысында махаббат пен сенімнен басталған оқиға жас жігіттің сотталуымен аяқталды. Алайда рақымшылық туралы заң оған өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік берді.
22 жастағы азамат сүйіктісінің өтінішімен оның анасына тиесілі алтын алқаны ломбардқа өткізген. Кейін бұл туралы білген әйел құқық қорғау органдарына арызданып, нәтижесінде жас жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сот оны кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол екі ай бойы пробация қызметінің есебінде болды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заң күшіне енгеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша пробация қызметінің мамандары сотталғанның жеке ісін зерделеп, рақымшылық қолдану туралы материалдарды сотқа жолдады.
Сот ұсынысты қанағаттандырып, жас жігітті бүгін сот залында одан әрі жазасын өтеуден босатты.
Соттан шыққаннан кейін ол бұл оқиға өміріндегі ең ауыр сабақ болғанын жасырмады.
«Мен сүйген адамыма шексіз сендім. Бірақ сол сенім мені сотталушы етті. Соттылық алдым, ал сүйген қызым мені тастап кетті. Енді әр адамның өз ісіне өзі жауап беретінін түсіндім. Рақымшылық маған өмірімді жаңадан бастауға мүмкіндік берді. Мұндай қателікті енді ешқашан қайталамаймын», – деді жас жігіт.
_**Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова өңірде рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатқанын айтты.
«Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының пробация қызметі рақымшылыққа ілігетін сотталғандарға қатысты 300-ге жуық материалды сотқа жолдады. Олардың басым бөлігі бойынша жаза мерзімін қысқарту көзделген. Сонымен қатар 50-ден астам сотталған жазасын одан әрі өтеуден толық босатылуы мүмкін. Әрбір материал заң талаптарына сәйкес жеке қаралады, ал түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деді Салтанат Ожиканова.
**_
Бір сәттік шешім мен орынсыз сенім жас жігітті сот алдына алып келді. Ал рақымшылық оған тағдырын қайта жазуға мүмкіндік берді. Бұл оқиға – сенім мен жауапкершіліктің қатар жүруі керектігін еске салатын өмірлік сабақ.
ШҚО мекемесінде сотталғанға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №18 мекемесінде сотталғанға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті дер кезінде анықталып, жолы кесілді.
Мекеменің жедел және тәртіп бөлімдерінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерімен бірлесіп, сотталған азаматтың атына келген сәлемдемені тексеру кезінде азық-түлік өнімдерінің арасына жасырылған тыйым салынған заттарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде:Android операциялық жүйесіндегі планшет;көлемі 32 ГБ жад картасы;қуаттау құрылғысы тәркіленді.
«Түзеу мекемелерінің режимдік талаптарын қамтамасыз ету және сотталғандарға тыйым салынған заттардың жеткізілуіне жол бермеу – қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі. Әрбір сәлемдеме мен жолдау белгіленген тәртіпке сәйкес мұқият тексеріледі. Қызметкерлердің кәсіби қырағылығының арқасында мұндай заңсыз әрекеттер дер кезінде анықталып, жолы кесілуде», – деп атап өтті, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова:
Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Шығыс Қазақстан облысындағы сотталған Алматыдан қару-жарақ жасырылған орынды анықтауға көмектесті
Алматы қаласында 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде жасырылған болуы мүмкін қару-жарақ қоймасы анықталды.
Жасырын орын туралы ақпарат Шығыс Қазақстан облысында жазасын өтеп жатқан сотталғанмен жүргізілген жедел жұмыс барысында алынған.
Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы қару-жарақ жасырылған орын ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №22 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің 5-басқармасы және Мамандандырылған прокуратураның үйлестіруімен анықтады.
Оқиға орнын тексеру барысында жасырын орыннан тегіс ұңғылы аңшылық мылтық пен оқ-дәрілер тәркіленді. Қазіргі уақытта сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Құқық қорғау органдары қарудың шығу тегін және оны жасырған тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізуде.
— Жылдар өтсе де жедел-іздестіру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Сотталғандармен жүргізілген жұмыс барысында алынған мәліметтер өткен жылдардағы қылмыстарды ашуға, қару-жарақ жасырылған орындарды анықтауға және қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлердің алдын алуға ықпал етеді. Бұл қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдағы күнделікті жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді, — деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Телефондар шай қораптарында, нанның ішінде, бір сотталғанға арналған 15 смартфон және тіпті есірткі жеткізу әрекеттері: заң бұзушылар бостандықпен байланысты сақтап қалу үшін түрлі айла-шарғыларға баруда
Шай қораптарының ішіне жасырылған телефондар, нанның ішіне салынған байланыс құралдары, бір сотталғанға арналған 15 смартфон және есірткі жеткізу әрекеттері — құқық бұзушылар сотталғандардың сыртқы әлеммен заңсыз байланысын қамтамасыз ету үшін түрлі тәсілдерді ойлап табуын тоқтатар емес.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды жеткізудің 30-дан астам әрекетінің жолын кесті. Бақылау шараларының күшейтілгеніне қарамастан, кейбір азаматтар заң талаптарын айналып өтіп, сотталғандарды байланыс құралдарымен, интернетпен және өзге де тыйым салынған заттармен қамтамасыз етуге тырысуда.
Кезекті заң бұзушылық сотталғандардың біріне жолданған пошта сәлемдемесін тексеру кезінде анықталды. Азық-түлік өнімдерінің арасынан қызметкерлер ұялы телефондар, 5G қолдайтын Wi-Fi роутер, SIM-карталар, қуаттағыш құрылғы, сымды және сымсыз құлаққаптарды тапты. Құрылғылардың бір бөлігі шай қораптарының ішіне мұқият жасырылған.
Бұған дейін де ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері нанның ішіне жасырылған ұялы телефондарды анықтаған болатын. Тағы бір жағдайда, алдын ала мәлімет бойынша бір сотталғанға арналған бірден 15 ұялы телефонды жеткізу әрекеті тоқтатылды. Сонымен қатар, мекеме аумағына жеткізілмек болған жалпы салмағы екі келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.
Әрбір осындай дерек белгіленген режим талаптарын бұзуға ниетті адамдардың сыртқы әлеммен заңсыз байланыс орнату әрекеттерін тоқтатпай отырғанын көрсетеді. Алайда тыйым салынған заттарды жеткізудің барлық тәсілдері қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қатаң бақылауында.
— Жыл басынан бері ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері тыйым салынған заттарды лақтырудың, алып өтудің және берудің 30-дан астам әрекетінің жолын кесті. Әрбір осындай факт дер кезінде анықталып, жолы кесілуде. Біз сәлемдемелерді, кездесулер арқылы берілетін заттарды және мекемелерге іргелес аумақтарды бақылауды күшейтуді жалғастырып келеміз, — деп түсіндірді ШҚО бойынша ҚАЖД ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтарға ескертеді: тыйым салынған заттарды алып өтуге, беруге немесе мекеме аумағына лақтыруға әрекет жасағаны үшін әкімшілік, ал жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Бір сотталғанға арналған 15 телефон: ШҚО-да түнгі лақтыру әрекетінің жолы кесілді
Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына бірден 15 ұялы телефонды жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Жас жігіт мекеменің қоршауына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған сәтте ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті мен №17 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлерімен ұсталды.
Жеке тінту барысында ұсталған азаматтың жанынан бірнеше мұқият оралған түйіншектері бар пакет табылды. Тексеру кезінде олардың ішінен Samsung, Redmi, Huawei, Oppo және iPhone маркалы 15 ұялы телефон шықты.
Алдын ала жедел ақпарат бойынша, тәркіленген заттардың барлығы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың біріне арналуы мүмкін.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ұялы телефондар түзеу мекемелеріне заңсыз жеткізуге жиі әрекет жасалатын тыйым салынған заттардың бірі екенін атап өтті. Мұндай құрылғылар сотталғандарға сыртқы ортамен бақылаусыз байланыс орнатуға және белгіленген режим талаптарын бұзуға мүмкіндік береді.
Аталған факті бойынша барлық құрылғылар тәркіленді. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті материалдар жиналуда.
— Жедел бөлім қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің дер кезінде жолы кесілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда, — деп түсіндірді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Мейірім алаңы: сотталғандар Сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне сый жасады
Балаларды қорғау күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысындағы №16 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар Сәбилер үйінің кішкентай тәрбиеленушілеріне арнап игі іс жасады.
Олар өз қолдарымен құмсалғыш, ойыншық сақтайтын сандық және ыңғайлы орындық жасап, балалар мекемесіне тарту етті. Әрбір бұйым балаларға қуаныш сыйлау мақсатында ерекше ықыласпен және жауапкершілікпен дайындалды.
Бұл бастама сотталғандардың еңбек дағдыларын дамытуға, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және қоғамға пайда келтіруге деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстардың бір бөлігі болды. Көптеген сотталғандар үшін мұндай шараларға қатысу – игі іс арқылы қоғамға пайдасын тигізудің мүмкіндігі.
Сыйға берілген бұйымдар балалардың таза ауада ойнап, демалуына қолайлы жағдай жасап, олардың бос уақытын қызықты әрі жайлы өткізуіне септігін тигізеді.
— Балаларға қамқорлық көрсету әрқашан әлеуметтік жұмыстың маңызды бағыты болып қала береді. Осындай игі істер сотталғандарға адал еңбектің құндылығын түсінуге және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Мұндай қайырымдылық шаралары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жақсы дәстүрге айналып, ізгі ниет пен мейірімділіктің адамдарды жақсы жаққа өзгертуге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Бір кезде қателік болған жерде бүгінде мейірім мен жақсылықтың нұры тарауда: сотталғандар балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық акциясы өтті.
Еңбекпен қамтылған сотталғандар балаларға арнап сыйлықтарды өз қолдарымен дайындап, әр бұйымға өз еңбегін, ықыласын және бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға деген шынайы ниетін қосты. Акция аясында әртүрлі жас санатындағы балаларға арналған 15 дана киім жиынтығы мен 20 ойыншық әзірленді.
Дайындалған сыйлықтар ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балалар тәрбиеленіп жатқан отбасыларға табысталды. Көптеген бүлдіршіндер үшін бұл күн қуанышқа, жылы эмоциялар мен шаттыққа толы ерекше мерекеге айналды.
— Осындай іс-шаралар сотталғандардың әлеуметтік жауапкершілігін сезінуіне ықпал етіп, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттерін дамытады, сондай-ақ қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Мұндай қайырымдылық шаралары игі істердің адамды жақсы жаққа өзгерте алатынын, ал көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге деген шынайы ниет қоғамды біріктіріп, жарқын болашаққа сенім сыйлайтынын көрсетеді.
ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі