
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД: «Темір тордың арғы жағында. Ойланып, қорытынды жасауға уақыт болды»
Тек Шығыс Қазақстан облысында ғана бұл шара бойынша (рақымшылыққа) 405 адам қамтылады. Оның 44-і бостандыққа шығады, қалғандарының жаза мерзімдері қысқартылады. Соттарға 234 материал жолданған, оның отыздан астамы қазірдің өзінде қаралды.
Рақымшылықпен босағандардың арасында Семей қаласының 35 жастағы тұрғыны Азамат (аты өзгертілген) бар. Ол ұрлық жасағаны үшін бір жарым жылға сотталып, колонияда 11 ай отырған. Рақымшылықты баға жетпес сыйлық деп есептейді. Үйінде оны үшінші топтағы мүгедек анасы мен тоғыз жасар ұлы күтіп отыр. Ер адам жұмысқа орналасып, жақындарына қамқорлық жасауды жоспарлап отыр. Ол колонияда ойланып, қорытынды жасауға уақыты болғанын айтады.
Жазаны орындау жүйесінің міндеті сотталған адамды түзеу ғана емес, сонымен қатар оның бостандықтағы қалыпты өмірге оралуына көмектесу, дейді мамандар.
«Рақымшылық – бұл жай ғана құқықтық рәсім емес, бұл мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісі, ол қателескен адамдарға түзелуге нақты мүмкіндік береді. Рақымшылық бұл адамдарға отбасыларына оралуға мүмкіндік береді. Отбасылардың қайта қауышқанына куә болу қуанышты. Адамдардың қалай өзгергенін, олардың осы екінші мүмкіндікті қалай бағалайтынын көріп отырмыз. Бұл баға жетпес дүние. Әркімнің түзелуге құқығы бар», - дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД бөлім басшысы Руслан Буратаев.
Бостандыққа шыққаннан кейін көптеген адамды оңалту процесі күтіп тұр. Оларды алғашқы кезде қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері мұқият бақылайтын болады.
Босатылғандар тұрғылықты жері бойынша учаскелік инспекторлардың есебіне тұруы тиіс. Сондай-ақ, колонияларда әлеуметтік жоба іске қосылған, оның аясында қажет болған жағдайда бостандыққа шыққандардың барлығына медициналық, заңгерлік, психологиялық және өзге де қолдау көрсетіледі.
«Бұл не үшін жасалады? Бостандыққа шыққан адам қоғамға бейімделуі үшін. Біз босатуға дейін сотталғанды босатуға дайындау жұмыстарын жүргіземіз. Оны қабылдауға дайын отбасы бар-жоғы анықталады. Сондай-ақ, сотталған адамды бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігі және медициналық, психологиялық сипаттағы көмек көрсету. Егер босатылған адамның баспанасы, туыстары болмаса, Әкімдікпен бірлесіп сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастыру бойынша жұмыс жүргіземіз», - деп түйіндеді Руслан Буратаев.