
БҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №27 мекемесінде кезекті рет «Қақпа алдындағы кездесу» іс-шарасы өтіп, екі ер адам мекемеден босап шықты. Қазіргі уақытта аталмыш мекемеден босатылған адамдарды әлеуметтендіру, қылмыстың қайталанбауын болдырмау үшін жүйелі іс-шаралар қолға алынған. Жаза мерзімін өтеген азаматтарға мекеме қызметкерлері, қалалық Еңбек мобильдігі орталығының бас маманы Жайсан Жандарбек пен әлеуметтік бейімдеу орталығының маманы Жубатова Нурлы, сондай – ақ Орал қалалық пробация қызметінің аға инспекторы әділет майоры Фархат Темиргалиев бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге әлеуметтік-психологиялық бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында құқықтары мен міндеттері, қысқа мерзімді кәсіптік білім алуға, тұрақты жұмыс табуға болатыны және әлеуметтік көмек көрсетілетіні туралы жан-жақты түсіндірді.
Тиісті түсіндіру жұмыстары бұл азаматтардың бостандықта өзін лайықты дәрежеде ұстауына септігін тигізері сөзсіз. Өз кезегінде құқықтары және міндеттерімен толықтай танысқан азаматтар алдағы уақытта қателікке жол бермейтінін атап өтті. Ол өз сөзінде қоғамнан тыс қалдырмай, бостандықтағы өмірге қайта даярлаған ҚАЖ қызметкерлеріне қамқорлықтары үшін ризашылығын білдіріп, өзінің туған-туысымен кездесуге асық екенін жеткізді.
«Қақпа алдында кездесу» жобасының мақсаты - сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу, қылмыстың қайталануын алдын алу. Түзету мекемесінен шыққан адамдардың проблемаларын анықтау және шешу жобасына жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар қатысты. Жоба аясында әлеуметтік байланыстарды орнату, кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмегін алу, құқықтық көмек, құжаттарын қайта қалпына келтіру іске асырылып жатыр»,- деді №27 мекемесі бөлім бастығы Дастан Акшолаков.