Бас бостандығын шектеу туралы

Бас бостандығын шектеу туралы

Қазіргі уақытта бас бостандығынан шектеу, бас бостандығынан ауыруымен байланысты емес сотталғандарға қолданылатын негізгі жазалардың бірі болып саналады. Бас бостандығынан шектеу ҚР ҚК-тің 44 бабында қарастырылған және сотталғанға пробациялық бақылауды жүзеге асыру жағдайларында өтеледі. Бас бостандығынан шектеуге сотталғандар жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеледі. Бас бостандығынан шектеуге сотталғандар оқудан бос және тұрақты жұмыс орны болмаса, жергілікті атқарушы органдармен көрсетілген қоғамдық орындарда мәжбүрлі еңбекке тартылады, бірақ жылына 100 сағаттан аспау керек.

Бас бостандығынан шектеуге сотталғанның жеке басын және өмірлік жағдайын зерттеп, пробация қызметі әлеуметтік- құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағдарламаны жасайды. Білім алуға, маындық алуға, жұмысқа орналасуға, емделуге, сондай-ақ құқықтық көмекпен қамтамасыз етуге жәрдем көрсету сотталған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің негізгі бағыттары болып табылады.

Бас бостандығынан шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталған адам:

-сот жүктеген міндеттерін орындауға;

-пробация қызметінің талаптарын орындауға;

-пробация қызметінің ұсынуы бойынша сот айқындалған жерлерге бармауға;

-пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін, жұмыс, оқу орындарын ауыстырмауға;

-пробация қызметін хабардар етпей әкімшілік- аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеуге;

-пробация қызметіне белгіленген күндері тіркелу және өзімен тәрбие жұмысын жүргізу үшін келіп тұруға міндетті;

-жеке басын куәландыратын құжатты өзімен бірге алып жүруге міндетті.

Жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған сотталғандарға пробация қызметі бас бостандығынан шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түрінде жаза қолданады. Бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу ол:

-бас бостандығынан шектеуге сотталғандардың міндеттерін орындамау;

-электрондық бақылау құралдарын қасақана бұзу;

-жеке басы құқығына, кәмелетке толмағандардың құқығына, отбасылық- тұрмыстық қатынастарға, қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қолсұғатын, сотталған адамға соларды жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жасау бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу болып саналады.

Жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзатын сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа бас бостандығынан шектеуді бас бостандығынан айыруымен ауыстыру туралы мәселелерді шешу үшін материалдар ұсынады. Бірақ пробация қызметінің басты мақсаты сотталғандарды түзеу және де оларға әлеуметтік – құқықтық көмек көрсету.