Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратта көрсетілген Алматы қаласындағы «Аяжан» жекеменшік клиникасының қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастамақ. Тексеру жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшаларды беруі мүмкін деген деректерді анықтауға бағытталған.
Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар расталған жағдайда, уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ жалған құжаттарды көрінеу пайдалану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
Медициналық құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес нақты жүргізілген медициналық қарап-тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша ғана ресімделуге тиіс. Белгіленген тәртіпті айналып өтіп, мұндай құжаттарды ресімдеуге және пайдалануға жол берілмейді.
Заңсыз құжат ресімдеген адамдар ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын көрінеу сатып алған немесе пайдаланған азаматтар да жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Министрлік азаматтарды медициналық негіздерсіз анықтама немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ресімдеу туралы ұсыныстарға келіспеуге, медициналық ұйым қызметінің заңдылығын тексеруге және анықталған заңбұзушылықтар туралы құзыретті органдарға хабарлауға шақырады.
Қазақстанда деректерді қолмен енгізу көлемін азайтуға, медициналық құжаттаманың қалыптастырылуын бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдар жүйелі түрде енгізіліп келеді.
2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылып, берілген.
Азаматтар электрондық форматта 8 095 396 медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, сондай-ақ диспансерлік есепке қатысты 5 698 396 анықтама алған. Олардың қатарында психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша берілген анықтамалар да бар.
Министрлік еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алу үдерісін қайта қарап, оңтайландырды. Енді медициналық ұйым қызметкері медициналық ақпараттық жүйеде (МАЖ) құжатқа электрондық цифрлық қолтаңба қойғаннан кейін ғана еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Бұл құжаттың заңдылығын растауға мүмкіндік береді.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының ашылғаны туралы ақпарат азаматтың келісімімен жұмыс берушіге жолданады. Атап айтқанда, hr.enbek.kz порталында жұмыс берушіге еңбекке уақытша жарамсыздық парағының ашылғаны және ұзартылғаны туралы мәліметтер қолжетімді болады. Ал қызметкер бұл құжатты Enbek HR мобильдік қосымшасы арқылы көре алады.
Электрондық медициналық құжаттар медициналық қарап-тексеруден өту, дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың қорытындыларын алу, еңбекке уақытша жарамсыздықты ресімдеу, мүгедектікті белгілеу рәсімдерінен өту, санаторийлік-курорттық ем алу, балаларға арналған медициналық құжаттарды ресімдеу және жұмысқа орналасу кезінде, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен басқа да ақпараттық жүйелерге мәліметтер ұсыну үшін пайдаланылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі өндіруші компаниялармен тікелей келісімдер шеңберінде Apple Watch, Samsung Galaxy Watch және AirPods Pro құрылғыларындағы денсаулықты бақылаудың инновациялық функцияларына қолжетімділікті кеңейтті.
Енді қазақстандықтар смарт-сағаттары мен құлаққаптары арқылы электрокардиограмма (ЭКГ) түсіріп, артериялық қан қысымын өлшей алады, жүрек ырғағының бұзылуы мен ұйқы кезіндегі апноэ қаупі туралы хабарламалар алып, сондай-ақ есту қабілетін тексере алады.
Қол жеткізілген келісімнің арқасында бұдан былай Apple және Samsung компаниялары енгізетін барлық жаңа медициналық және профилактикалық сервистер үйлесімді құрылғыларда әлемнің басқа елдерінде ресми іске қосылған сәттен бастап Қазақстандағы пайдаланушыларға да қолжетімді болады. Бұл ретте өңірлік кідірістер мен шектеулер болмайды.
Apple Watch және Samsung Galaxy Watch-тың үйлесімді модельдерінде пайдаланушылар нақты уақыт режимінде ЭКГ түсіріп, аритмия белгілерін бақылай алады және алынған нәтижелерді смартфонда сақтап, кейін дәрігермен талқылай алады. Сондай-ақ сағаттар ұйқы кезіндегі тыныс алу сапасын талдау функциясын қолдайды және ықтимал апноэ туралы ескертеді. Бұдан бөлек, Samsung смарт-сағаттарында Samsung Health Monitor қосымшасы арқылы артериялық қан қысымын өлшеуге болады.
Бұл функцияны пайдалану үшін құрылғыны манжетасы бар тонометрдің көмегімен әр 28 күн сайын алдын ала калибрлеу қажет.
Ал AirPods Pro құлаққаптарының иелері «Денсаулық» қосымшасы арқылы есту қабілетін тексере алады, ал жеке есту аппаратының функциясы жеңіл немесе орташа дәрежедегі есту қабілетінің төмендеуі болуы мүмкін ересек адамдар үшін қоршаған ортадағы дыбыстарды автоматты түрде бейімдеп, күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа сервистерді пайдалану үшін пайдаланушылар смартфондарының, смарт-сағаттары мен құлаққаптарының бағдарламалық жасақтамасын жаңартып, содан кейін тиісті функцияны қосымшада баптауы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық құрылғылардың бұл функциялары күнделікті профилактика мен өз денсаулығын бақылауға арналғанын атап өтті. Алайда олар толыққанды медициналық тексеруді, диагноз қоюды және маманның ем тағайындауын алмастырмайды.
Қазақстанда психикалық денсаулық саласындағы көмек көрсету желісін кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, 81 бастапқы орталық пен 189 аутизмі бар балаларға арналған күндізгі болу бөлімшесін ашу көзделіп отыр. Бұл ерте диагностикалау, емдеу және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін, оның ішінде ауыл тұрғындары үшін де арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ведомствода өткен кеңесте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді.
Ол Халықтың психикалық денсаулығын сақтаудың 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды. Құжат 11 бағыт бойынша 60 іс-шараны қамтиды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық психикалық денсаулық орталығының басшысы Әлия Рүстемова өңірлік 20 психикалық денсаулық орталығына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндады.
«Бүгінде психикалық денсаулық мәселелері ерекше маңызға ие. Біздің міндетіміз – пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан, еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қазіргі уақытта елімізде 20 психикалық денсаулық орталығы, 101 бастапқы орталық және 212 бейінді кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар 12 өңірде қосымша 81 бастапқы орталық ашу қажеттілігі айқындалды.
Аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар базасында 189 күндізгі болу бөлімшесін ашу көзделген. Бұл тәулік бойы стационарға жатқызбай-ақ, балаларды оңалту мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Министр қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуды, әсіресе балалар мен ересектердің психиатриясы бағыттарында мамандармен қамтамасыз етуді күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ мамандарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыруды міндеттеді.
«Кадр тапшылығы әлі де негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Мамандар даярлауды кеңейту, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттары есебінен оқыту көлемін арттыру және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыру қажет», – деді министр.
Кешенді жоспар жобасында медициналық ұйымдарды жаңғырту, жабдықтарды жаңарту, амбулаториялық көмекті дамыту және дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру де көзделген.
Психикалық денсаулық саласында бұзылыстарды ерте анықтаудан бастап емдеу, оңалту және әлеуметтік қолдауға дейінгі көмектің қолжетімді әрі үздіксіз жүйесін қалыптастыру басты басымдық доп қалады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі инфекциялық аурулардың, оның ішінде маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуіне және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігін ескере отырып, инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, ел халқы арасында маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланады.
Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Атап айтқанда:
* мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;
* ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде;
* барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған;
* медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде;
* аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
Эпидемиологиялық жағдайға қатысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізбесі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.
Маймыл шешегі — MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде жұғуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.
Профилактика мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мыналарды ұсынады:
* теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;
* жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау;
* инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;
* ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге барғаннан кейін, уақтылы медициналық көмекке жүгіну және медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, халықтың денсаулығын сақтау және елдегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.
Қазақстанда скринингтерден уақтылы өтуге, вакцинациялау туралы мәліметтерді тексеруге және көрсетілген медициналық қызметтерді растауға арналған жаңа цифрлық сервистер енгізілуде. 19 қазаннан бастап скринингтер туралы SMS-хабарламалар жіберу пилоттық жобасы іске қосылады, ал ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген екпелер туралы хабарламалар жіберу жоспарланып отыр.
19 қазаннан бастап Ақмола облысында, Абай және Ұлытау облыстарында 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы скринингтерден өту қажеттігі туралы жеке SMS-ескертулер жіберу жоспарланған.
Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қоса алғанда, алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды.
Хабарлама алған азамат тексеруден өту үшін өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.
Ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген вакцинациялау туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Екпе медициналық ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен егілген күні көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Егер хабарламадағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберу арқылы бұл туралы хабарлай алады. Ақпарат тексеру жүргізу үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін кеңейтуде.
Ағымдағы жылдың 7 қазанындағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өткен.
Қазіргі уақытта бұл тетік медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап тізімді консультациялардың, диагностикалық зерттеулер мен медициналық емшаралардың тағы 736 түрімен толықтыру жоспарланып отыр.
Цифрлық сервистерді енгізу профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ашықтығын күшейтуге бағытталған.
Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында «Өкпе туберкулезі кезіндегі робот-ассистентті хирургия: заманауи технологиялар мен хирургиялық тәсілдер» атты халықаралық шеберлік сабағы өтті. Іс-шара робот-ассистентті торакалдық хирургияның заманауи технологияларына арналды.
Шеберлік сабағы Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Молдабекұлы Әденовтің құттықтау сөзімен басталды. Ол өз сөзінде заманауи хирургиялық технологияларды дамытудың, кәсіби тәжірибе алмасудың және мамандандырылған медициналық көмекті жетілдірудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Шеберлік сабағының халықаралық сарапшылары ретінде Қытай Халық Республикасының өкілдері қатысты. Олар – Харбин медициналық университеті жанындағы онкологиялық аурухананың торакалдық хирургия бөлімінің меңгерушісі, профессор Сюй Шидун (Xu Shidong) және осы медициналық мекеменің торакалдық хирургі, доктор Фэнхай Жэнь (Fenghai Ren).
Іс-шара бағдарламасы аясында шетелдік сарапшылар мен Орталық мамандарының қатысуымен хирургиялық консилиум өтті. Оған торакалдық хирургтер, анестезиологтер, бронхологтер және басқа да медицина қызметкерлері қатысты. Мамандар клиникалық тәсілдер мен хирургиялық араласуды жоспарлаудың ерекшеліктерін талқылады.
Шеберлік сабағының негізгі бөлігі роботтың көмегімен екі хирургиялық операция жасаумен ерекшеленді. Атап айтқанда, оң жақ өкпенің жоғарғы бөлігін және сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін алып тастау бойынша жоғарғы лобэктомия операциялары орындалды.
Қазақстанда алғаш рет өкпеге роботтың көмегімен жасалған операциялар отандық торакалдық хирургияның дамуы мен жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізудегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – озық технологияларды меңгерумен ғана шектелмейтін, заманауи медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және пациенттер үшін инновациялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Хирургиялық араласулардың барысы Орталықтың конференц-залына тікелей эфирде көрсетілді. Бұл қатысушыларға операциялардың негізгі кезеңдерін бақылауға және торакалдық хирургияда роботтандырылған технологияларды практикалық қолдану мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік берді.
Білім беру бағдарламасына онлайн форматта 20-ға жуық адам қосылды. Олардың қатарында білім алушылар, медициналық ұйымдардың қызметкерлері және басқа мекемелерден шақырылған мамандар болды. Қашықтан қатысу кәсіби тәжірибе алмасу мен білім беру бағдарламасына қолжетімділік аясын кеңейтті.
Аталған операциялардың Орталық базасында алғаш рет орындалуы торакалдық хирургияның заманауи технологияларын меңгеруде жаңа кезеңге жол ашып, қазақстандық және шетелдік мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және бес жасқа дейінгі балаларға медициналық бақылау мен көмек көрсетуді күшейтуді тапсырды.
Тиісті тапсырмалар Денсаулық сақтау министрлігінде өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен республикалық медициналық орталықтар басшыларының қатысуымен өткен аппараттық кеңесте берілді. Бұл шаралар 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде көзделген.
Бұл қауіп тобына жататын жүкті әйелдерді жеке бақылау, босандыру ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету және балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын бақылауды күшейту міндеттерін қамтиды.
«Әрбір жүкті әйел, әсіресе жоғары қауіп тобына жататын әйел тұрақты медициналық бақылауда болуы тиіс. Жүктілікті қадағалап-қараудың жеке жоспарын алдын ала айқындап, босандыру бағытын белгілеп, жауапты мамандарды бекіту қажет», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Министр жүкті әйелдерді уақтылы емдеуге жатқызуға және стационарлардың шұғыл акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуге, оның ішінде демалыс және мереке күндері дайын болуына ерекше назар аударды.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына жүкті әйелдерді емдеуге жатқызудан негізсіз бас тарту жағдайларына жол бермеу және медициналық бақылаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
«Жүкті әйел медициналық ұйымға жүгінген кезде қажетті мамандарды тарта отырып, медициналық көмек сол жерде ұйымдастырылуы тиіс. Аурухананы әйелдің өзі іздемеуі керек, керісінше, денсаулық сақтау жүйесі оған уақтылы көмек көрсетуді қамтамасыз етуі қажет», – деді министр.
Бес жасқа дейінгі балаларға жедел медициналық көмек көрсету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жедел жәрдем шақырылған кезде баланың жағдайын толық бағалау қажет. Көрсетілімдер болған жағдайда баланы қосымша тексеру және емдеуге жатқызу мәселесін шешу үшін стационарға жеткізу керек.
Министр жедел медициналық жәрдем қызметінің тиісті жұмыс алгоритмдерін қайта қарауды, медицина қызметкерлерінің даярлығын күшейтуді және балалардың жағдайының ауырлығын дұрыс бағаламау жағдайларын болдырмауды тапсырды.
Сонымен қатар перинаталдық орталықтардағы инфекциялық бақылау күшейтіліп, пациенттерді медициналық ұйымдардың арасында бағыттау тәртібі жетілдіріледі және жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге жедел медициналық бақылау ұйымдастырылады.
Республикалық ғылыми орталықтарға өңірлерге практикалық қолдау көрсетуді күшейту, жас акушер-гинекологтар, неонатологтар мен балалар мамандарына тәлімгерлік жүйесін дамыту тапсырылды. Екі апта ішінде орталықтар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде ұсыныстар ұсынуы тиіс.
Стационардан шыққаннан кейін ана мен балаға медициналық көмек көрсету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Министрлік патронаждық барулардың сапасын және перзентханалар мен емханалар арасындағы медициналық бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етуге бақылауды күшейтеді.
2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде профилактикалық көмекті кеңейтуге, медициналық инфрақұрылымды дамытуға және балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасын арттыруға бағытталған 30 іс-шараны іске асыру көзделген.
Қазақстанда мемлекеттік скринингтік бағдарлама шеңберінде сүт безі обырының 17 мыңнан астам жағдайы ерте сатыларда анықталды. Бұл ауруды тиімді емдеу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Ерте диагностика әйелдер денсаулығын сақтауға бағытталған Денсаулық сақтау министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
15 қазан – Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес күні. Осыған орай елімізде әйелдердің уақтылы тексеруден өтудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған «Қызғылт қазан» науқаны жалғасуда.
Сүт безі обыры Қазақстан әйелдері арасында онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. 2025 жылы аурудың 5 743 жаңа жағдайы тіркелді.
2008 жылдан бері елімізде ұлттық скринингтік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде сүт безі обырының 19 018 жағдайы анықталды. Оның 17 186-сы I және II сатыларда тіркелген.
Скрининг барысында аурудың III–IV сатыларда анықталған жағдайларының саны 2011 жылғы 66-дан 2025 жылы 16-ға дейін азайды.
40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер тіркелген емханасында белгіленген жас кезеңдерінде екі жылда бір рет маммографиялық скринингтен тегін өте алады. Бұл тексеру ауру белгілері пайда болғанға дейін сүт бездеріндегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Қызғылт қазан» науқаны аясында еліміздің барлық өңірлерінде Ашық есік күндері мен онколог-маммологтардың тегін консультациялары ұйымдастырылуда.
2025 жылы 8 400-ден астам әйел тексеруден өтті. Олардың 3 337-сінен сүт бездерінің түрлі патологиялары анықталды, оның ішінде сүт безі обырының 144 жағдайы тіркелді.
31 қазанда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Ашық есік күні өтеді. Іс-шара барысында әйелдер онколог-маммологтың кеңесін тегін ала алады.
Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік тексерулерден тұрақты түрде өтудің маңыздылығын еске салады. Сүт бездерінде қандай да бір өзгерістер байқалған жағдайда жоспарлы тексеруді күтпей, дәрігерге уақтылы қаралу қажет.
Ауруды ерте анықтау емнің тиімділігін арттырып, әйелдердің денсаулығы мен өмір сапасын сақтауға көмектеседі.
Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен өкпе қатерлі ісігіне қатысты алғашқы екі операция жасалды. Әрбір операция шамамен 2,5 сағатқа созылды.
Операциялар Алматы Онкологиялық орталығының хирургтарымен бірлесіп, Харбин медициналық университетінің онкологиялық ауруханасының кеуде хирургиясы бөлімінің басшысы, Қытайдан келген профессор Сюй Шидунның қатысуымен халықаралық шеберлік сыныбы аясында орындалды.
Сарапшының медицина саласындағы тәжірибесі 35 жылдан асады. Ол кеуде қуысы ағзаларындағы ісіктерге қатысты 3 мыңнан астам операция жасаған.
Робот-ассистентті хирургия шағын тіліктер арқылы күрделі операциялар жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте операциялық аймақтың үш өлшемді (3D) кескіні мен жоғары дәлдіктегі құралдар қолданылады. Тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, мұндай тәсіл қан жоғалтуды және операциядан кейінгі ауырсынуды азайтып, науқастың қалпына келуін жеделдетуі мүмкін.
Шеберлік сабағы барысында орталық мамандары шетелдік сарапшымен бірге заманауи хирургиялық тәсілдерді, роботтандырылған операцияларға көрсетілімдерді және асқынулардың алдын алу мәселелерін талқылады.
Бұған дейін орталықта роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен құрсақ қуысы мен кіші жамбас ағзаларындағы ісіктерге қатысты 20-дан астам операция жасалған. Енді бұл бағыт кеуде қуысы ағзаларының онкологиялық ауруларын емдеу саласында да кеңейіп келеді.
Өкпе қатерлі ісігін емдеуде робот-ассистентті хирургияны енгізу Алматы қаласында жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстандық сарапшылар әзірлеген халық денсаулығына төнетін қауіптерді цифрлық мониторингтеу жүйесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Халықаралық байқау комиссиясының назарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталығының (ҚДС ТЖЖО) негізгі цифрлық құралы – Saqbol қауіптерінің интерактивті картасы ілікті. Платформа әлем бойынша төтенше жағдайларды нақты уақыт режимінде бақылауға, оларды картада дәл белгілеуге және эпидемиологиялық, климаттық, экологиялық әрі техногендік факторларды кешенді бағалауға мүмкіндік береді.
Жүйе жедел әрекет етуді және мамандардың тереңдетілген сараптамалық бағалауын қажет ететін аса маңызды оқиғаларды автоматты түрде анықтайды.
Аумағы кең, өңірлерінің табиғи-климаттық жағдайлары әркелкі және аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар Қазақстан үшін мұндай мониторинг жүйесін енгізудің маңызы зор. COVID-19 пандемиясының сабақтары, сондай-ақ соңғы уақыттағы климаттық ауытқулар мен су тасқындары қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты факторлардың бірі – алдын ала әрекет ету қабілеті екенін айқын көрсетті.
Saqbol картасы мен Жедел орталықтың жұмысы қауіптерді олар ауқымды дағдарысқа ұласпай тұрып анықтауға және талдауға мүмкіндік береді. Халықаралық деңгейдегі жеңіс отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытудың таңдалған бағытының дұрыстығын растайды.
Алдағы уақытта жоба авторлары мен бейінді мамандар деректерді сабақтас салалардағы қосымша ақпарат көздерімен біріктіруді кеңейтуді, бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарын енгізуді, болжамдық талдауды дамытуды және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанға азаматтардың денсаулығын цифрлық қорғау саласындағы жетекші позициясын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерік Байжүнісов пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының стратегиялық даму және цифрландыру басқармасының басшысы Қуандық Асқаровтың Қазақстан Республикасының Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталығының (ҚДС ТЖЖО) трансформациясына арналған бірлескен мақаласы «ТМД елдерінің денсаулық сақтау саласы – 2026» беделді журналы ұйымдастырған конкурста бірінші орынға ие болды.
Мақала «ТМД елдерінің ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру» негізгі номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, «ТМД елдеріндегі денсаулық сақтауды жетілдіру жолдары» атты конурстың басты тақырыбы шеңберінде Қазақстанның озық тәжірибесін танытты.