Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Ақмола облысындағы аурухана мен емханалардың құрылысымен танысты

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Ақмола облысындағы аурухана мен емханалардың құрылысымен танысты

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Ақмола облысындағы денсаулық сақтау нысандарын аралады. Ол Щучинск қаласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынып жатқан «Авиценна-Бурабай» ЖШС емханасына барды. Жобаның жалпы сомасы 4,5 млрд. теңге.

«Бурабай ауданында көптеген жыл бойы типтік емхана ғимараты болмағандықтан медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты проблемалар кездесті. Денсаулық сақтау нысандарына қойылатын заманауи талаптарға сай келмейтін бірнеше емхана бар, бұл азаматтардың наразылығын тудырады. Осыған байланысты барлық сапа стандарттарына сәйкес келетін жаңа емхана салу туралы шешім қабылданды», - деді М.Шоранов.

2017 жылы МЖӘ жобасы іске асырыла бастағаннан бері «Авиценна-Бурабай» ЖШС жалпы ауданы 6000 шаршы метр, бір ауысымда 1000 келушіге арналған алты қабатты емхана ғимаратының құрылысын аяқтады. Қазіргі уақытта медициналық жабдықтарды орнату және монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

«Емхана жаңа ғимаратқа көшкенде халық арасындағы әлеуметтік мәселелер шешіледі, осы бағытта жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Аудан тұрғындары заманауи талаптарға сай медициналық көмек алатын болады. Сонымен қатар, босаған бұрынғы емхана ғимараттарын бюджеттік сала қызметкерлері мен студенттерге жатақхана ретінде пайдалануға болады», - деді ЖШС құрылтайшысы Юлия Гагаркина.

«Авиценна-Бурабай» ЖШС Бурабай ауданында тіркелген тұрғындарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсетеді. Ауданда 75 164 адам тұрады. Жаңа емханада мамандандырылған медициналық қызмет, МСАК, шұғыл және дәрігерге дейінгі көмек көрсетіледі. Стационарда тәулік бойғы емге арналған 170 төсек және күндізгі ем үшін 93 төсек бар. Емхана МРТ, рентген-аппаратымен, сараптамалық санаттағы УДЗ аппараттарымен, маммографиямен қамтылған және тағы басқа жарақтандыру нормативіне сәйкес жабдықталған. 2020 жылдың 4 тоқсанында жаңа нысанға көшу жоспарлануда.

Сонымен қатар, бірінші вице-министр «Тыныс» АҚ-да болды. Машина құрастыратын ірі кәсіпорын медициналық жабдықтар, ӨЖЖ аппаратын шығарады.

Сондай-ақ, М.Шоранов онкологиялық емхананың құрылысымен де танысты. «Ақмола облысы онкологиялық дертке шалдыққан науқастар саны көп облыстардың алғашқы бестігіне кіреді, ол орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Кейбір аудандық МСАК ұйымдарының диагностикалық медициналық жабдықтармен нашар жарақтандырылуына және мамандардың болмауына байланысты пациенттер онкодиспансердің «емханасына» жіберіледі. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған онкологиялық науқастардың саны артқанын атап өткен жөн. Егер 2014 жылдың соңында олардың саны 8 036 болса, бірінші жартыжылдықтың соңында – 8 833 жетті, яғни, 9,9% өсті», - деді Шоранов.

Айта кету керек, өңірде типтік емхананың жоқтығынан көпбейінді облыстық аурухананың Онкоорталығы ғимаратында амбулаториялық және стационарлық науқастар бір мезгілде тексеріледі. Бұл проблема 2020 жылдың 30 қазанында құрылысы аяқталады деп жоспарланған жаңа онкологиялық емхана іске қосылғанда шешілуі тиіс, жобаның құны 2,6 млрд. теңгені құрайды.

Бірінші вице-министр Көкшетау қаласына сапарын аяқтады. Қазіргі уақытта онда 200 төсектік тез тұрғызылатын модульдік аурухана салынуда.