
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен ЕДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов онлайн кездесу барысында келісімге қол қойды.
Меморандум аясында тараптар бірнеше бағытта ынтымақтастық орнатуға ниетті: ЕДБ Министрліктің жобаларын қаржыландыру, оның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға жәрдемдесу; ЕДБ-ға қатысушы мемлекеттерде МЖӘ-бастамаларды ілгерілету арқылы жеке секторды тарту және жобалау алдындағы дайындық тетіктерін дамыту.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында министрлік денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуды қарастыруда. Осыған байланысты Министрлік ЕДБ-мен бірлесіп аталған бағытта жұмыс бастауға дайын екенін білдіреді», - деді Алексей Цой.
«ЕДБ Халықаралық қаржы ұйымы ретінде ЕДБ құралдарын пайдалана отырып, Министрлік іске асырып жатқан жобаларға қатысуға және көмек көрсетуге мүдделі. Интеграциялық мүмкіндіктерді де қолдануға болады.ЕДБ-ға қатысушы елдерде медициналық жабдықтар жеткізуші компания, мердігер, жеке серіктестерді іздеуге көмектесуге, сауда және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын қолдануға ниеттіміз. Серіктестік қатынас ұзақ мерзімді, тиімді және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», - деді ЕДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов.
Еуразиялық Даму Банкі (ЕДБ) қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға, олардың тұрақты экономикалық өсуіне және өзара сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге көмектесу мақсатында 2006 жылғы қаңтарда Ресей мен Қазақстан құрған халықаралық қаржы ұйымы.ЕДБ жарғылық капиталы 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы Банкке қатысушы мемлекеттер.