А. Цой ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік медальді табыстады

А. Цой ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік медальді табыстады

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Конституциямыздың 25 жылдығына орай мерекелік медальді табыстауға арналған салтанатты жиын өтті.
     Марапаттау рәсімінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Конституциясында ең үздік әлемдік тәжірибе, сондай-ақ біздің көпұлтты халқымыздың тарихи мен ұлттық дәстүрі көрініс тапқанын атап өтті. Еліміздің конституциялық дамуының бірегей тұжырымдамасын қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Еліміздің басты Заңы Елбасының институционалдық реформалары мен саяси бастамаларын қамтиды.
    «Конституциямызда адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы сынды ең жоғары құндылықтар бекітілген және азаматтардың мүддесіне қызмет етеді. Еліміздің негізгі Заңы халықтың денсаулық сақтау сынды маңызды құқығын қорғайды. Басты  құжаттың 29-бабында азаматтардың тегін кепілдендірілген медициналық көмек алу құқығы жазылған», - деді А. Цой.
    Мерекелік күнге орай еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 150 медицина қызметкерін, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерін және өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесі өкілдерін Конституцияның 25 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
     Қашықтан  жұмыс істеу және санитарлық режимді сақтау талаптарын ескере отырып,  мерекелік медальді марапатталған қызметкерлерге Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелері мен ведомствоға қарасты ұйымдардың директорлары тапсырады  деген  шешім қабылданды.