
Елімізде 17 тамыздан бастап бизнеске салынған шектеулер алынды. Яғни, Қазақстанның барлық өңірінде бірқатар шағын және орта бизнес субьектілерінің жұмысы қайта жанданады. Алайда, әлеуметтік арақашықтық сақтау, медициналық маска кию және өзге де санитарлық-эпидемиологиялық талаптар міндетті болып қалады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов кез келген бұқаралық іс-шараға тыйым салынатынын ескертті.
Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін уәде еткендей, елімізде коронавирус инфекциясы мен COVID-19 ұқсас пневмонияға шалдыққандар «апта мен апта аралығында» есептеледі. Сонымен, 3-9 тамыз аралығында 7 108 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 222 адам қайтыс болды. 7 940 азамат пневмонияға шалдықты, 122 адам қайтыс болды. 10-16 тамыз аралығындағы мәліметтерге сәйкес КВИ + диагнозы 3 995 адамда, КВИ минус 5 344 адамда расталған. Сәйкесінше 151 адам және 64 азамат қайтыс болды.
«Осылайша, ауру қарқыны айтарлықтай төмендеп келеді», - деді ресми өкіл.
Қожахметовтың мәліметінше, Қазақстанда күн сайын инфекциялық және провизорлық стационарлар жабылып, төсек-орын қысқаруда. 2020 жылғы 15 шілдеде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардағы төсек саны 58 798 еді, оның 57% немесе 33 493 науқас жатқан, ал 17 тамызда 36 938 төсек қалды, олардың тек 23% немесе 8 475-і ғана науқас бар.
Ахуалдың тұрақталуына байланысты, Қазақстанда 1-ші тамыздан бастап жоспарлы медициналық көмек қайта жанданды. «Қазір терапевтік, кардиология, гастроэнтерология, аллергология, хирургия, неврология, пульмонология, реанимация, акушерлік-гинекология, нейрохирургия, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсететін 626 медициналық ұйым жұмысын қайта бастады. Алматыда - 67, Шығыс Қазақстан облысында-54 және Алматы облысында – 50 мекеме жұмысын жандандырды. Жоспарлы медициналық көмек қызметтерін жеткізушілердің толық тізімімен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында танысуға болады. Тізім үнемі жаңартылып отырады», -деді Бағдат Қожахметов.
Ресми өкіл коронавирус инфекцияна шалдыққандарды емдеуге тікелей қатысқан медицина қызметкерлеріне берілетін үстемақы мен төлемдер туралы да айтты.
«Президенттің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің үш санатына 212,5 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы қарастырылған. Тек шілде айында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және науқастарды емдеу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру кезіндегі қауіп-қатер үшін қосымша 25 миллиард теңге төленді. Бұл қаржыны 78 364 қызметкер алды. Жұмыс орнында індет жұқтырғандарға берілетін өтемақыға келетін болсақ, өтінімдерді өңірлердегі арнайы комиссиялар қарайды. Бүгінгі таңда 1 148 маманға 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды, оның ішінде 598 адамға өтемақы төленді. Бұл - шамамен 1,2 млрд теңге", - деді Қожахметов.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі елдегі жалпы жағдайдың тұрақталуы пандемия аяқталды және азаматтар қалыпты өмірге оралды деген сөз емес екенін еске салды.
«Қазір де маска, антисептик қолданып, инфекция толық тоқтағанға дейін әлеуметтік арақашықтықты және басқа да санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауымыз керек. Біз енді карантинге оралғымыз келмейді, ол үшін өзімізге ғана емес, айналамызға да өте мұқият болуымыз керек», - деді ол.