
Бүгін Қызылорда облысы Шиелі ауданының көпбейінді ауруханасының базасында өңірдегі алғашқы үздік практикалар орталығы ашылды. Бұл халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және медициналық алғашқы көмекті халыққа қолжетімді етеді.
ҮПО-ның мультидисциплиналық тәсілі қауіпсіздікті, қолжетімділікті және нәтижелілікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ адам денсаулығына қамқорлық жасауға бағытталған кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмекті қамтамасыз етеді.
Жақын арада мұндай орталықтар Қызылорда облысы Жалағаш ауданының № 3, 6 қалалық емханалары мен көпбейінді ауруханасының базасында ашылады.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында ҮПО-ның салтанатты ашылуы барысында өңірдің бас дәрігері Олжас Ысқақов «Халықтық кеңестер», «Медиация» кабинеттері, «Отбасылық денсаулық орталықтары», «Ерлер денсаулығы» жобалары және ҮПО-ның құрамында пациенттерді қабылдайтын әлеуметтік-психологиялық көмек орталығының жұмысы туралы айтып берді.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының президенті, академик Төлебай Рахипбеков қатысты.