
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Сенаттың пленарлық отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс жобасында қарастырылған негізгі бағыттар мен түзетулер туралы баяндама жасады.
Е. Біртановтың айтуынша, Кодекс қоғамдық денсаулық пен медициналық көмек, денсаулық сақтау, фармацевтикалық қызмет, кадрлық саясат және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтауды дамыту мәселелеріне бағытталған.
Мысалы, қоғамдық денсаулық деңгейін арттыру үшін Кодексте Айкос, ГЛО, кальян сияқты темекінің жаңа түрлерін тұтынуды шектеу, сондай-ақ снюстер мен басқа да шегілмейтін темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге және таратуға тыйым салу қарастырылған.
Құжатта вакциналардың сапасына және азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, вакциналарды әкелу, өндіру, тасымалдау және сақтау, дәрілік заттарға сараптама жүргізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделеді.
Ал халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) дәрі-дәрмек таңдау мүмкіндігін ұсыну үшін қосымша ақы төлеу мәселелері реттелді.
"Ерікті түрде емделуші баға айырмашылығын төлеп, ол қалаған препаратты ала алады. Алайда, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бұл норма оларға қолданылмайды", – деп атап өтті министр.
– "Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы терапиядағы дәрілік заттарды қолдану тәртібін анықтау көзделеді".
Тағы бір маңызды бағыт - медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары. Кодексте біліктілік деңгейіне сәйкес келетін ынталандыру төлемдерін ұсыну, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдауға арналған басым құқықтарды бекіту, "медициналық инцидент" ұғымын және оны анықтау тетігін енгізу, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби қызметіне араласуға тыйым салу және осындай араласуға әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделеді.
Елжан Біртанов Кодекс жобасындағы азаматтарды ерекше толғандыратын нормаларға егжей-тегжейлі тоқталды.
Мәселен, Кодекс жобасына сәйкес, қайтыс болған азаматтардың органы мен тіндері Қазақстан азаматына медициналық көмек қажет болған жағдайда ғана шетелге шығарылады.
Денсаулық сақтау министрі қайтыс болған адамның органдарын алуға келісім презумпциясы Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істейтінін, келісімді тіркеу немесе қайтарып алу медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызмет екенін атап өтті. Кодекс жобасы бойынша адамның келісімі болмаған жағдайда оның органдарын алуға келісу-келіспеу туралы жұбайы немесе жақын туыстарының бірі мәлімдеуге құқығы бар.
Кодекс жобасы бойынша тағы бір маңызды мәселе - вакцинация.
"Ата-аналар өз баласын вакцинациялаудан бас тарта отырып, баланың денсаулық құқықтарын шектейтіндігін атап өткен жөн.
Жалпы, егілмеген адам санының өсуі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына алып келеді", -деді министр.
Сонымен қатар, аталған норманы жұртшылықпен талқылау нәтижесінде профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді.
Міндетті профилактикалық егулерге жоспарлы профилактикалық егулер және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатады.
Жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберу - ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен жағдайда ғана мүмкін болады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Мемлекет Басшысы қойған міндеттерге сәйкес Кодекс жобасына халықтың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін жақсартуға бағытталған өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Сондай -ақ, Кодекс жобасын дайындау барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары, Экономикалық ынтымақтастық, даму ұйымына – мүше мемлекеттердің даму көрсеткіштері және Қазақстан Республикасының 2050-і жылға дейінгі стратегиясы ескерілді.