
Сіздерді келе жатқан Жаңа 2024 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл - өзімен бірге жаңа жоспарлар мен үміттер, ғажайыпқа деген сенім мен қымбат тілектердің орындалуын қамтамасыз ететін ең сүйікті мереке.
Қымбатты әріптестер, құрметті дәрігерлер, мейіргерлер, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар сіздерге шын жүректен бейбітшілік, жақсылық, зор денсаулық, отбасылық амандық, оптимизм, ауқымды міндеттерді іске асыруда жаңа табыстар тілеймін!
Биыл Мемлекет басшысы тапсырмаларының шеңберінде ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі маңызды жобаны іске асыру басталды, оның шеңберінде 85 объектінің құрылысы аяқталды, 4 көпбейінді аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және қайта жаңарту жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі заманғы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы ел өңірлері бойынша жергілікті бюджет және "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасының шеңберінде 30 объекті және жеке инвестициялар мен демеушілік көмектің есебінен 3 объекті салынды.
Сонымен қатар, еліміздің ауыл тұрғындары үшін бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары және қуықасты безі обыры ауруларын ерте анықтауға арналған скринингтер кеңейтілді. Жалпы 2,6 млн-ға жуық ауыл тұрғыны профилактикалық тексерулермен қамтылды, шалғай ауылдардың жүздеген мың тұрғыны көлік медицинасының көмегімен қызмет алды.
Өткен жылы қазақстандық фармацевтика өндірісінің үлесін арттыру үшін BIGPHARMA тобындағы ірі әлемдік компаниялармен онкологияны, жүрек-қан тамырлары ауруларынан және зат алмасу бұзылуларын, респираторлық және аутоиммундық ауруларды емдеу үшін бірегей дәрілік заттар, медициналық жабдықтар мен медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорындар құру бойынша бірқатар келісімшарттарға қол қойылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі 2024 - 2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасының жобасы әзірленді, оны іске асыру фертилдік жастағы әйелдердің денсаулығын нығайтуды, прегравидарлық даярлықты, отбасын жоспарлау мәселелерін көздейді.
Отандық медицина дәстүрлеріне сүйене отырып және ең заманауи биомедициналық, цифрлық және басқарушылық технологияларды қолдана отырып, біз үнемі жетілдіріліп, прогресс жолында батыл қозғалуымыз керек.
Біздің миссиямыз – адамдарға денсаулықты қалпына келтіруге көмектесу, бұл дәрігерге деген сенімділіктің артуына ықпал етеді. Сондықтан пациенттерімізге емдеу тиімділін арттыратын шыдамдылығы мен даналығы, әріптестігі үшін ерекше алғыс айтамын.
Алдағы 2024 жыл әр үйге, әр отбасына бейбітшілік, сүйіспеншілік пен жақсылық әкелсін!
Ізгі ниетпен, министр Ажар Ғиният!