
COVID-19 жұқтырған пациенттерді емдеуге арналған инфекциялық аурухана рекордтық мерзімде (18 күн) тұрғызылған.
⠀
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов модульдік кешенде орналасқан «И.С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» филиалында еңбек етіп жатқан дәрігерлермен жүздесті және науқастардың да жағдайын сұрады.
⠀
«Госпитальда жақсы жағдай жасалған, емделудеміз. Медицина қызметкерлері өте мұқият, әрдайым сөзімізді жерге тастамайды және қиын кезде үлен қолдау көрсетті», - деді Анастасия Захарова (аты-жөні өзгертілді).
Министр де науқастың тез сауығып кетуін тіледі.
⠀
Аталған жұқпалы аурулар ауруханасында 280 төсек-орын, 6 клиникалық бөлімше, 28 төсектік реанимация бөлімшесі бар.
⠀
Медициналық жабдықтар: рентген жүйесі, компьютерлік томография, ультрадыбыстық диагностика аппараттары, эндоскопиялық жабдықтар, өкпені жасанды желдету аппараттары, мониторлар, перфузорлар және т. б. орнатылған және жұмыс істейді.
⠀
Елжан Біртанов, әсіресе, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге ерекше көңіл бөлді. Министр әріптестеріне қиын да, жауапты сәтте көрсеткен адал қызметтері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, ол медицина қызметкерлеріне арналған қосымша төлемдерге қатысты сөз қозғады.
⠀
"Маған жалақыдан басқа әлеуметтік төлемдер бөлінді "- деді бас медбике Сайраш Дикимова министрмен әңгіме барысында.
⠀
Ал Біртанов қазір медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі басты міндеттердің бірі екенін айтты.
⠀
Анықтама: жұқпалы аурулар ауруханасы 2020 жылғы 26 сәуірден бастап короновирус инфекциясын жұқтырған науқастарды қабылдауда. Қазір COVID-19 диагнозы қойылған 251 пациент емделуде.