
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде БҚО Бәйтерек ауданының Асан кентінде 2 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетілетін дәрігерлік амбулаторияның құрылысы сәтті аяқталып, пайдалануға берілді.
Амбулатория орталықтандырылған сумен, автономды жылытумен және газдандырумен қамтамасыз етілген. Ол сондай-ақ заманауи жабдықтармен, соның ішінде қауіпсіздік камераларымен, кеңсе жабдықтарымен, жиһаздармен және медициналық қондырғылармен жабдықталған. Жаңа амбулатория халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта амбулаторияда меңгеруші, жалпы практика дәрігері, мейіргерлер, фельдшерлер, акушерлер, санитарлар және техникалық персонал жұмыс істейді. Алдағы уақытта амбулатория қызметкерлерінің штат санын кеңейту жоспарлануда.
Асан кентінің 2005 тұрғыны бар, ал осы медициналық объектінің қызмет көрсету аумағында 1786 адам тіркелген, оның ішінде 971 ересек адам, 73 жасөспірім және 742 бала.