
Жетісу облысында алғаш рет медициналық-санитариялық алғашқы көмектің екі үздік практикалар орталығы ашылды. Олардың жұмысы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Енді өңірдегі екі емханада пациенттердің әлеуметтік жағдайына ерекше басымдық берілетін болады, өйткені бұл орталықтар отбасылық медицина қағидатын енгізуге бағдарланған. Бірте-бірте бұл оң тәжірибе бүкіл облыс көлемінде қолданылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірдегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету практикасы орталығы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы орталық аудандық аурухана базасында, ал екіншісі Талдықорған қалалық №1 емхананың 6-шағын аудандағы ғимаратында ашылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансенгіров өз құттықтау сөзінде, бұл орталықтар медициналық мекемелердің құрылымдық бөлімшелері бола отырып, адам денсаулығына қамқорлық жасайтын кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек беру орталықтарына айналатынын атап өтті. Бұл ретте мультидисциплинарлық топ көп бейінді командадан құралған, атап айтқанда оның құрамында отбасылық дәрігерлер, патронаж мейіргерлері, акушерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар бар.
Өз кезегінде «Астана медицина университеті» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қайта құру көзделіп отырғанын айтты:
- Бұл отбасылық медицинаны дамыту мен медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Осындай алғашқы орталық Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ауылдық көп бейінді аурухана базасында ашылған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің жобамызды Еуропаның 53 еліне әлемдегі алғашқы демонстрациялық платформа ретінде ұсынды. Жалпы біздің қауымдастық 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Біз сондай-ақ психикалық денсаулық мәселелерімен де айналысамыз, халықты ми қанайналымы бұзылысының, сүт безі қатерлі ісігінің және т.б. аурулардың алғашқы белгілерін анықтауға үйретеміз. Бүгін ашылған орталықтар табысты жұмыс істейді деп сенеміз және олардың тәжірибесі жақын арада Жетісу облысында кеңінен қолданылатын болады, - деді Т.Рахыпбеков.
Осы күні орталықтың ресми ашылуынан бұрын «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының сарапшы мамандары дәрігерлер мен мейіргерлерге, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарға оқыту тренингтерін өткізді.
Жалпы мұндай үздік практика орталықтарын құрудағы негізгі мақсат - медициналық көмекті қолжетімді ету, адам мен оның отбасының қажеттіліктері үшін денсаулық сақтау қызметтерін интеграциялау, шағымдар санын азайту, шағым түрлерін талдау, ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жүргізу. Тағы бір аспектісі – халықтың медициналық сауаттылық деңгейін арттыру, ауруларды емдеу және профилактика процесіне қатысу, халықтың денсаулығын сақтау саласындағы жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ диагностикаға бағдарланған тәсілден жеке адамға бағдарланған тәсілге көшу.