
Стамбулда ДДҰ-ның адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша семинары өтті, оған эпидемиология, онкогинекология саласындағы ведомство сарапшыларымен бірге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Сәдуақасов қатысты.
ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы Сантьяго-де-Компостеладағы ДДҰ-ның вакциналар қауіпсіздігі жөніндегі ынтымақтастық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған семинардың жұмысына Қазақстан, Армения, Грузия, Косово, Қырғызстан, Молдова Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның Ұлттық иммундау бағдарламаларының басшылары мен жетекші клиникалары қатысты.
Семинардың негізгі міндеттері АПВ вакциналарының қауіпсіздігі мен әсері туралы ақпаратты талқылау, АПВ вакцинациясын енгізу бойынша тәжірибе алмасу, жасөспірім қыздардың ата-аналарымен АПВ вакцинациясы туралы қарым-қатынас әдістерін талдау, медицина қызметкерлерімен оқыту семинарларын өткізу үшін ДДҰ-ның АПВ вакцинациясы мәселелері бойынша оқу материалдарын әзірлеу болды.
Халықаралық алаңда вакцинациялау мәселелерін талқылау АПВ-ға қарсы вакцинациялау туралы білімді жетілдірудің және халықтың вакциналарға деген сенімін және жатыр мойны обырының профилактикасында вакцинациялаудың тиімділігін арттырудың тиімді құралы болып табылады.